Ресурстар

Мемлекет басшысы міндетті әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды

18-27 жас аралығындағы азаматтар көктем мен күзде әскери борышын өтеуге шақырылады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2020 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

 «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2020 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын», – делінген жарлықта.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2020 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастыруы тиіс. 

Сонымен қатар жарлық мәтінінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін  әскерге шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру » тапсырылған.