Ресурстар

Жемқорлық жайлаған министрліктердің аты аталды

Былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша 1002 адам істі болған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова 2019 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысын жариялады.

«Сыбайлас жеркорлық бойынша орталық мемлекеттік органдардың ішінде «үздік бестікке»: ішкі істер министрлігі (297), қаржы министрлігі (49), қорғаныс министрлігі (29), индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (20), ауыл шаруашылығы министрлігі (19) кіреді», – деді департамент басшысы.

Бұл ретте спикер сыбайлас  жемқорлық негізінен аталған министрліктердің аймақтық бөлімшелерін және ведомстволық бағынышты ұйымдарды жайлағанын айтады. 

Сондай-ақ, Анар Жарова 2019 жылы істі болған әкімдік қызметкерлері туралы статистиканы келтіріп өтті.

«Бұл ретте  әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың басым бөлігі Түркістан облысында – 37 адам, Шығыс Қазақстанда –37, Жамбыл облысында – 30, Ақмола – 19, Алматы және Қостанай облыстарында– 15, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында 14 қызметкер істі болған», – деді ол.

Мониторинг нәтижесі бойынша агенттік жоғарыда аталған 5 мемлекеттік органға қызметінің жекелеген бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді ұсынған.

Құқықтық статистика органдарының дерегі бойынша, былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша  1002 адам істі болған. 2018 жылы 1079 қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айып тағылған еді. Соның ішінде 515 адам  – орталық мемлекеттік орган қызметкерлері, 161 кісі – жергілікті атқарушы билік өкілдері, 189-ы өзге де мемлекеттік мекемелерде, ал 37 адам квазимемлекеттік секторда жұмыс істеген.