10 балаға – 106 мың, 15 балаға 159 мың теңге жәрдемақы төленуі мүмкін
Көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақыны сегізінші және одан кейінгі балаларға да төлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
2019 жылы 486 мың отбасына немесе 2,4 миллионға жуық адамға АӘК тағайындалып жалпы сома 244,2 млрд. теңге төленген. Осы орайда министр 2020 жылдан бастап АӘК-пен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері енгізілгенін, оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке ынталандыруды көздейтінін еске салды.
«Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден (4 бала) 74 400 теңгеге дейін (7 және одан да көп бала) төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың отбасына төленді. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 8-ші және одан кейінгі балаға арналған жәрдемақыны шамамен әр балаға 4 АЕК-тен саралау мәселесін қарастырудамыз. Мысалы, 8 балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 мың, 10 балаға – 106 мың, 15 балаға – 159 мың теңгені құрайды», – деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол жаңа тәсілдерге сәйкес АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығын атап өтті. Егер еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасына тоқтатылатын болады.
«Ағымдағы жылдың 1 ақпанына көмек 37,4 мыңнан астам отбасына немесе 187,3 мыңнан астам адамға, оның ішінде 122,9 мың балаға тағайындалды. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады. Әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары кепілдендірілген әлеуметтік топтамалардың уақтылы берілуін қамтамасыз етуі керек. Табысы аз отбасындағы әрбір балаға мемлекеттік көмек көрсетілуі керек», – деп түйіндеді министр.