Жаңалықтар

Екібастұздық параспортшы кір сабын өндірісін бастады

Кәсібін гаражда бастаған Талғат Ерекеевке жергілікті билік шағын индустриялық аймақтан орын берді.

Арман алға жетелейді демекші, кәсібін кір сабын өндіруден бастаған кәсіпкер, енді өндіріс ауқымын кеңейтіп, иіс сабын шығаруды қолға алмақ.
 

Шыныққан шымыр болады

ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі, параүстел теннисінен спорт шебері Талғат Ерекеев өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 2,5 млн теңге несие алып, кір сабын өндірісін бастады. Несиенің қаржысына қажетті автоматтандырылған құралдар алды. Ал цехқа лайық ғимаратты жалға алуға қаржысы жетпей қалады.

Содан, жарыстарда, өмір соқпақтарында шыңдалған спортшы амалын тауып, кәсібін аумағы 60 шаршы метр болатын гаражда бастады. Бірақ қала сыртындағы бұл нысанда жылу болған жоқ. Ал суды тасуға тура келді. Соның салдарынан, өндірісін дамыту мүмкіндігі болмады. Өнім тек жазда дайындалды. 

«Қыстың қақаған суығында жылуы жоқ ғимаратта сапалы өнім шығару айтарлықтай қиындық тудырды. Сондықтан тиісті инженерлік желілердің барлығы тартылған басқа цехты біраз уақыт іздедім. Жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп, шағын индустриялық аймақтан тегін орын берді. Бұл – өте тиімді», – дейді Талғат Ерекеев. 

Ендігі мақсат – өндіріс ауқымын кеңейту

Бүгінде Талғат Ерекеев басшылық ететін «Талғат» жеке кәсіпкерлігі кір сабын өндірісін оң жолға қойды. Шағын индустриялық аймақтан берілген 74 шаршы метр цехта кәсібін дөңгелетіп отыр. Айтуынша, өнім таза экологиялық шикізаттан жасалады.  

«Шикізаттан дайын өнімге дейін төрт өндірістік кезең – қайнату, кептіру, бастыру және кесуден өтеді. Тәулігіне 3 мың дана кір сабын шығарамыз. Әрқайсысының салмағы – 200 грамм», – дейді Талғат Ерекеев. 

Бүгінде екібастұздық өнімдерді қаланың бірқатар сауда орнынан алуға болады. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындарға тұрақты түрде жеткізіледі. Делдалсыз сатып алушылар үшін бір сабынның бағасы – 50 теңге, ал дүкендерде – 60 теңге.

Бұл ретте, «Талғат» жеке кәсіпкерлігі мемлекеттік конкурстарға тұрақты түрде қатысып, бағаның төмен болуы себепті жеңіске жиі жететінін атап өту керек. Облыс аумағындағы білім, денсаулық сақтау мекемелерінің 80 пайызға жуығын өз өнімімен қамтып отыр. 

Ендігі ретте, кәсіпкер иіс сабын өндірісін ашуға ниетті. Ол үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қатысып, қайтарымсыз қаржы алу ойда бар. Егер комиссия өкілдері аталмыш жобаны қолдаса, параспортшының кәсібі кеңейе түсетіні анық.