Өскеменде өрт сөндірушілер 89 жастағы қарияны құтқарды

Өскемен қаласындағы Қабанбай батыр көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде өрт сөндіру кезінде құтқарушылар ес-түзсіз жатқан қарт адамды тауып алды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт үшінші қабаттағы пәтердің бірінен шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, пәтер терезесінен қою түтін шығып жатқан. Құтқарушылар жедел түрде газ-түтіннен қорғау қызметінің тобын құрып, түтінге басқан бөлмеге кірді.
«89 жастағы ер адамды пәтерден алып шығып, бірден көмек көрсетуге кірісті. Өрт сөндірушілер реанимациялық шараларды жүргізіп, зардап шегушіні есін жиғызды. Осыдан кейін зейнеткер жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылып, ауруханаға жатқызылды», – деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Өртті шамамен 10 шаршы метр аумақта тез арада оқшаулап, толықтай сөндіру мүмкін болды. Пәтерде жиһаз, жеке заттар мен тұрмыстық техника өртенген. Өрттің шығу себептері анықталуда.