«Елімізде қаптаған колледждерді қысқарту қажет» – Д.Назарбаева

Жарияланды
Оның айтуынша, кейбір колледждер даярлаған мамандардың сапасы сын көтермейді

Дариға Назарбаева агроөнеркәсіп кешені мамандарына кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Шарада ауыл шаруашылығының мамандықтары мен кәсіп дәрежелері бойынша мамандар даярлау мәселелері, сондай-ақ маман даярлауда жаңа жүйенің қажеттігі мен білім беру үдерісінің мазмұны талқыланды.

Ақтөбегі жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Аманкелді Есіркепов ауыл шаруашылығы саласы мамандарын әзірлеуде құзырлы органдардың тәжірибеден өту мәселесіне селқос қарайтынын алға тартты.

«Бізге тәжірибе жағы жетіспейді. Біздің колледждің базасында төрт түлік малдың бәрі бар. Ол үшін біз мемлекет бюджетінен ештеңе алмаймыз. Студенттердің тәжірибеден өтуін ұйымдастыру жағын қолдау керек. Сондай-ақ, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға қатысты кітап соңғы рет 2010 жылы шыққан. Білікті мамандар даярлау үшін соңғы шыққан салалық кітаптар қажет. Екінші мәселе, ол педагогтарды қолдау мәселесі тұр», – деді А.Есіркепов.

Дариға Назарбаева бұл тақырыпқа қолдау білдіре келіп, кадрларды дайындау мен мамандардың жетіспеушілігіне бизнес саласы да жиі шағымданатынын атап өтті. «Колледжден кейін жұмысқа алатын мамандардың дайындық деңгейі төмен, тәжірибелік дағдылары жоқ. Бюджеттен қаржы бөлінеді, есептерде бәрі дұрыс. Ал іс жүзінде мамандар тапшы», – деп атап өтті ол.

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің өкілдері өз кезегінде білім беру үдерісін ұйымдастыруда кездесетін қиындықтар туралы айтты. Атап айтқанда, колледждердің қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен нашар жабдықталатыны және салалық оқулықтардың жоқтығы негізгі мәселе ретінде атап өтілді. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, колледж басшылары өз қаражатына жиі мал сатып алады және оны студенттердің мал шаруашылығында тәжірибе алуы үшін ұстап отырады.

Ол үшін мен 12 сиыр ұстаймын», – деді директорлардың бірі.

Кездесуде еліміздегі колледждер санының көптігі туралы да айтылды. Статистика бойынша, олардың саны 801, әйтсе де тек 17-сі ғана агроөнеркәсіп кешені мамандарын даярлайды. 

«Оларды қысқартқан жөн. Аймақтағы салалық мамандануға байланысты ғана қалдыру керек. Егер аймақ экономикасы негізінен аграрлық сала әрі облыс ауыл шаруашылығына маманданған болса, онда мемлекеттік колледждер санын да соған ыңғайлау қажет. Егер колледждер көп болса олардың санын қысқарту,  ақшаны қалған колледждерге қайта бөлу және материалдық-техникалық жарақтандырудың бірыңғай жобаларын қалыптастыру және алдағы бір-екі жылда оларды оқуға қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу қажет», – деп түйіндеді Д.Назарабаева. 

 

Сондай-ақ оқыңыз