Оңтүстік Кореяда 34 мыңнан аса отандасымыз жүрсе, Иранда 170 қазақстандық бар. Бұл туралы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1 наурыздан бастап, Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға ұшатын рейс саны 9-дан 3-ке дейін қысқарылмақ.
«Бірінші санатқа Оңтүстік Корея кіріп тұр. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, осы санатқа енген өзге де елдерге қатысты бұл мәселені қарастырудамыз. Жапонияға ұшақ аптасына 2 рет ұшады, ол жақтан аса қауіп төніп тұрған жоқ, өйкені келетін жолаушы аз»,– деді ол.
Оңтүстік Кореяда жүрген Қазақстан азаматтары 1 наурызға дейін қайтып келе алады.
«Иран бойынша жағдай жеңіл. Ол жақта 170 азаматымыз жүр. 1 наурызға дейін олар қайтып келуі тиіс. Көп кісілер алған билеттерін кері қайтарып жатыр. Кеше ведомстоаралық комиссияда қайтарылған биле құнын толық өтеуге тапсырма берілді. Одан кейін 1 наурыздан бастап, Иран Республикасымен арадағы әуе қатынасы тоқтатылады», – деді ол.
Түркия, Оман және Ауғанстан сынды елдер Иранмен әуе қатынасын тоқтатқан.
«Өзге елдер бойынша бұл мәселе шешілген жоқ, оны екі ведомство қарастыратын болады», – деді Бекшин.
Бірінші санатқа Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Гонконг, Макао, Тайвань және ҚХР кірді. Екінші санатта Сингапур, Таиланд, Малайзия бар. Үшінші санатқа Вьетнам, Австралия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания және Франция жатқызылған. Бірінші санатқа кірген елдерден келген азаматтар 14 күнге карантинде болады.