Ресурстар

Қытай ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина жасады

Оны сынақтан өткізуге дайындалып жатыр

Тяньцзин университетінің бір топ ғалымы коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцина әзірлеу жұмысының аяқталғанын хабарлады, деп жазады Интерфакс.

Beijing Evening News газетінің дерегіне сүйенсек, профессор Хуан Цзиньхай жетекшілік ететін сарапшылар тобы иммундық жүйенің «коvid-19» коронавирусына қарсы тұру қабілетін арттыратын,  ішуге арналған препарат әзірлеген. Қазір профессордың командасы вакцинаның таксикологиялық жағын бағамдап, сондай-ақ оны одан әрі жетілдіру үшін серіктес іздеп жатыр. 

Тяньцзин университетінің ғалымдары өз өнертабысын ертерек сынақтан өткізуден және ҚХР мен  өзге де елдердегі індетке қарсы күреске үлес қосудан үмітті. 

Хуан Цзиньхай препаратты ресми түрде сынақтан өткізуді күтпестен, вакцинаның төртеуін өзі ішіп алған. Әзірге ешқандай жанама әсері байқалмаған көрінеді. Дегенмен професор бұл вакцина жаппай сатылымға түспес бұрын, ұзақ және мұқият сынақтан өткізу керек деп тұжырымдайды. 

Айта кетейік, коронавирустың жаңа түрі  2019 жылдың желтоқсанында Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы –Ухань қаласынан тарала бастады. 

Соңғы мәліметтер бойынша, әлем бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 80 мыңнан асты, 2,7 мың адам қайтыс болған.