2020 жылдың 1 наурызынан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу шараларын күшейтудің төртінші кезеңін енгізді. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Елжан Біртанов хабарлады.
Бас санитарлық дәрігердің коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын одан әрі күшейту туралы қаулысы бойынша, 1 наурыздан бастап COVID-19 таралған елдердің тізімі толықтырылған.
«Бірінші санатқа Италия, Гонконг, Жапония, Тайвань, Макао, Оңтүстік Корея кірді. ҚХР мен Ираннан келген адамдар 14 күн карантинге жатқызылады, одан кейін тағы 10 күн медициналық бақылауда болады. Бірінші санатқа кірген өзге елдерден келген адамдар 14 күн үй карантинінде болады, бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша, олар медициналық мекемедегі карантинге ауыстырылуы мүмкін»,-деді Біртанов.
Ал екінші санатқа енген елдерден (Әзірбайжан, Сингапур, Таиланд) келген келген азаматтар 14 күн медициналық бақылауда болады, одан кейін медқызметкерлер 10 күн қоңырау шалып, халін біліп тұрады.
«Үшінші санаттағы елдерден (Германия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Франция, Малайзия, Бахрейн, Кувейт, Испания) келген адамдарға қашықтықтан медициналық бақылау жасалады, яғни оларға 24 күн бойы хабарласып, қал-жағдайын біліп тұрады», – деп толықтырды Денсаулық сақтау министрі.
Бұған дейін бірінші санатқа тек Қытай кірген еді.
Айта кетейік, екінші санаттағы елдерден келген азаматтар бұйрыққа бағынбай, үйден шықса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 462 бабы, 3-бөліміне сәйкес, оларға 5 АЕК-тен жоғары (13255 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.