Жаңалықтар

Павлодарда медициналық бетперде тапшы

Жергілікті компания сұранысты өтеу үшін оларды қолмен тігуге кірісті

Ақпанның басында Павлодар облысындағы 300-ден аса дәріханада барлығы 200 мың медициналық бетперде болса, бүгінгі күні олардың саны күрт азайды. Фармацевтердің айтуынша, тұрғындар тұмау өршіп, коронавируспен сырқаттанғандар қатары көбейгенінен қауіптеніп, бетпердені алдын ала сатып алуға көшкен. 

Шикізатпен бөлісуге әзір

Бұған дейін алматылық фабрикалар облыс орталығындағы дәріханалардың басым бөлігін медициналық бетпердемен қамтамасыз ететін. Алайда, мұнда шикізат қоры таусылып, Павлодарға өнімдерді жеткізу ісі тоқтатылды. Осыны назарға алған жергілікті «Мерусар и К» фабрикасы оны қолмен тігуге кірісті. 

«Біз бұған дейін бетпердені Курчатов қаласында арнайы құралдар көмегімен дайындайтынбыз. Бірақ өткен жылдың соңында негізгі қондырғы істен шықты. Оған қажет бөлшек коронавирусқа байланысты Қытайдан әлі жетер емес. Тұрғындардың бетпердеге деген сұранысы жоғары екенін ескеріп, Павлодардағы медициналық киім тігетін фабрикада маскалар шығаруды қолға алуды жөн деп шештік», – дейді компания басшысы Марат Маханов.

Бірнеше күн бұрын ғана бетперде тігу ісін қолға алған «Мерусар и К» ЖШС тәулігіне 5 мың данасын дайындап, жергілікті емдеу мекемелеріне жөнелтуде. Бір тігінші күніне шамамен 500-1000 маска тігеді. 

«Егер басқа жұмысты ысырып қойып, тек бетпердеге ден қойсам, күніне 800-1000 данасын тігемін. Біреуіне шамамен 2-3 минут уақыт кетеді»,–дейді тігінші Марина Пожидаева. 

Компания директоры шикізат қорының мол екенін айтып, өзге тігін цехтарымен бөлісуге әзір екенін білдірді. 
«Тұмау өршіп, көрші мемлекеттерде коронавирус сырқаты дендеп тұрғандықтан, тұрғындар медициналық бетпердені жаппай сатып алуда. Бірақ біз олардың барлығын бірдей қамти алмаймыз. Сондықтан, әріптестерімізді де маска тігуге шақырамын. Қажетті шикізатты беруге дайынбыз», – дейді Марат Маханов. 

Сақтықта қорлық жоқ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да аурудың алдын алудың қамына кірісті. Павлодар қаласындағы туберкулезге қарсы диспансердің 5 қабатты ғимараты короновирусқа шалдыққандарды қабылдауға әзір. Дәрігерлер 150 орындық ауруханада инфекцияны жұқтырғандар және олармен байланыста болған адамдардан сараптамалар алуға сақадай сай. Олардың қатарында арнайы курста біліктілігін арттырған ақ халаттылар да бар. 

Әзірше облыс аумағында бұл ауруға шалдығу қаупі бар адамдар тіркелген жоқ. Осы уақытқа дейін дене қызуы жоғары және жөтелі бар 9 адам инфекциялық стационарға орналастырып, тиісті талдамалар алынды. Қорытындысы бұл ЖРВИ белгілері екенін көрсеткендіктен, барлығы үйлеріне қайтарылған. Ал коронавирус тіркелген елдерден жақында оралған 300-ге жуық адам емхананың жіті бақылауында. 

«Бүгінгі күні бірінші санат бойынша Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония және Италиядан келген 4 адам, екінші санат бойынша Сингапур, Тайланд, Әзірбайжаннан оралған 114 тұрғын және үшінші санат бойынша Германия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Франция, Бахрейн, Кувейт, Испания мен Малайзиядан келген 130 адам бақылауға алынды. Дәрігерлер 24 күн бойы олардың жағдайын назарда ұстайды», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.