ҚР Премьер-министірінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы бұйрығына сәйкес, әлемде короновирустік инфекцияның таралуына байланысты жеке қорғануға арналған кейбір медициналық заттарды ел аумағынан шығаруға тыйым салынған.
Олардың қатарында респираторлар, қорғау көзілдіріктері, I-II типтегі костюмдер, бір реттік костюмдер, медициналық бетперделер, халаттар бар.
Соған қарамастан, кей пысықайлар Қазақстандағы медициналық бетперделерді өзге мемлекеттерге өткізбек болған. Мәселен, Моңғолия азаматтары «Шарбақты» өткізу пункті арқылы Моңғолияға ешқандай ілеспе жүк құжаты жоқ 8 мың бетпердені апаруға бекінген.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны «Қосақ» өткізу пункті арқылы 150 мың дана медициналық бетпердені Ресейдің Новосібір облысындағы Купино қаласына жеткізуге ниеттенген. Олардың жолын Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экспорттық бақылау қызметкерлері кесті.
«Премьер-министрдің бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы медициналық бетперлерді өткізуге болмайды. Сондықтан бақылау қызметкерлері шекараның арғы жағына алып өтпекші болғандарды кері қайтарды. Бірақ оларға қатысты ешқандай шара қолданылмайды. Яғни, айыппұл да салынбайды, тауарлар да конфискацияға алынбайды», – деді департаменттің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова.
Сондықтан 158 мың дана медициналық бетпердені тиеген азаматтар жарты жолдан қайтты. Олардың тауарды әрі қарай қалай жаратқаны – белгісіз.
Есесіне Павлодар облысының аумағындағы дәріханаларда бетперделер тапшылығы айтарлықтай байқалады. Алыпсатарлар оларды жарнамалық сайттар арқылы сатуға көшті. Бір данасының бағасы 200 теңгеге дейін жетеді. Ал жергілікті «Мерусар и К» компаниясы медициналық бетперделерді қолмен тігіп, тұрғындарды толық қамтуға үлгерер емес.