Түркістан облысындағы науқас тағы 3 адамға вирус жұқтырған
Коронавирус жұқтырған Жетісай ауданының тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласына іссапармен барған. Бұл туралы тікелей эфирдегі брифингте Түркістан облысының бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.
«Қазіргі кезде Түркістан облысы бойынша коронавирус індетін 5 адам жұқтырғаны анықталып отыр. Ең алғаш ауырған науқас – біздің Жетісай ауданының азаматшасы. Ол өз шаруасымен Нұр-Сұлтан қаласына іссапарда болып келген. 23 күні келген, 27 наурыз күні ыстығы көтеріліп, отызы ауруханаға жатқылып, коронавирус анықталды. Осы ошақта онымен қарым-қатынаста болған тағы 3 азамат оқшауланып, олардан сынама алынып, олардан да оң нәтиже шыққан. Яғни бір ошақтан 4 науқас тіркеліп отыр. Одан бөлек 5-і адам, Жетісай ауданының азаматы, Алматыдан келген», – деді облыстың бас санитар дәрігері.
Қазіргі таңда ауырған кісі болған ошақ залалсыздандырылып, 41 адам есепке алынған. Олардың барлығы емдеу мекемелерінде оқшауланып, зертханалық сынамалар алынған.