Ресурстар

Атыраулық дәрігерлер вирус жұқтырған науқастармен бір ауруханада қалай тұрып жатыр?

Олардың туыстарын көрмегеніне екі аптадан асқан

Атырауда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталғалы оншақты күн өтті. Содан бері жергілікті ақ халаттылар жұмыс орнынан кеткен емес. Олардың үйіне қашан оралатыны белгісіз, өйткені қауіпті дертпен күрес қашан бітетінін ешкім нақты айта алмайды. «Курсивтің» меншікті тілшісі №2 қалалық аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиевамен хабарласып, дәрігерлердің жай-күйін, қалай жұмыс істеп жатқанын білді. 

Атырау қаласы бойынша қатерлі індетпен күреске 611 маман жұмылдырылған, олардың барлығы арнайы дайындықтан өткен. Олардың бір бөлігі  провизорлық стационарда жұмыс істейді. Бұл жерге негізінен коронавирус жұқтыруы мүмкін делінген пациенттер жатқызылып, дәрігерлер оларды бақылап, сынама алады. Туберкулез ауруханасында орналасқан провизор орталығына инфекция жұқтыру қаупі жоғары Қытай, Италия сынды елдерден оралған отандастар жатқызылған.

Инфекциялық стационарда 38 дәрігер, 60 орта және 60 кіші медициналық қызметкер жұмыс істейді. Аурухананың инфекция бөлімінде 6 инфекционист пен 3 реаниматолог күн-түн демей қызмет етіп жүр. Дәл осы кісілер коронавирус анықталған науқастарды емдейді. 

Надя Ерғалиеваның айтуынша, қалай коронавирус жұқтырған алғашқы науқастар анықталды, солай  инфекция бөлімінде балаларымен  бірге жатқан 35 ананы облыстық балалар ауруханасына ауыстыруға тура келген. Сонымен қатар бұнда қызылша жұқтырған  8 адам жатыр, алайда бұл өте ауыр жұқпалы ауру болғандықтан, науқастар инфекционистердің бақылауында болып, арнайы ем алуы тиіс. Оларға бөлек есіктен кіріп-шығады. Тағы да оншақты науқас Атырау облыстық ауруханасына ауыстырылған. 

Медицина қызметкерлерінің жұмыс арасында бір уақыт бой жазып алуы үшін хирургия мен терапия бөлімін босатып, демалыс бөлмесін дайындаған. Ақ халаттыларға күніне 6 рет ас-ауқат беріліп, қорғаныш киімдерін бірнеше рет ауыстырады.

Надя Ерғалиева алғашқы күндері жаңа режимге бой үйрету қиын болғанын мойындайды. Біраз уақын өткен соң бұған да үйренген. Ем-дом мәселесі бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы әріптестерімен үнемі кеңесіп отырады. 

 «Науқастарға бару үшін алдымен киім ауыстырамыз, сосын олар жатқан бөлімге кіріп, бірнеше сағатымызды науқастармен өткіземіз. Олардың жағдайын білеміз, жай-күйін тексереміз, – дейді дәрігер.– «Қауіпті аймақта» жұмыс істейтін дәрігерлер арнайы хирургиялық киім киеді. Оның үстінен қорғаныш костюмін киіп, көзәйнек пен респиратор тағып, қолға – қолғап, аяққа – резіңке аяқ киім, оның сыртынан бахил киеміз. Арнайы киімде жүру де оңай емес. Ыстық, ауа өткізбейді. Осы аймақта жүргенде ештеңені шешуге болмайды. Бұл дегенің не су іше алмайсың, қысылып тұрсаң да шыдайсың деген сөз. Әйтпесе вирус жұқтырып алуың мүмкін». 

Науқастардың жағдайын біліп, қарап шыққан соң, дәрігерлер үстіндегісінің бәрін шешіп тастайды, қолданылған заттардың көзі бірден жойылады. Сосын жуынып-шайынып, беті-қолын  жақсылап арайы құралмен жуады. Содан кейін ғана жұмыс үстеліне отырып, электронды журнал толтыруға кіріседі. Науқастың жай-күйін, дене қызуын жазады. Протокол бойынша ем-дом 14 күнге созылады. 15-16 күндері мұрын мен ауыздан жағынды алып, сараптама жасалады. Тағы 15 күн өткен соң, науқас қайтадан анализ тапсырады. Екі ретте де анализі теріс нәтиже көрсетсе,пациент аурудан айығып шықты десе болады. 

Аурухана – екінші үй 

Дәрігер алғашқы күндер өте ауыр болғанын айтады, өйткені ешкім бұндай жағдайды басынан өткеріп көрмеген. Қорқыныш пен үрей көзге жас үйіретін. Бәрінің бала-шағасы, отбасы, кәрі-құртаң әке-шешесі бар. Олардың бәрімен тек телефон арқылы сөйлесіп отырады. 

«Дәрігерлер инфекция тасымалдаушы болуы мүмкін, сондықтан оларға медициналық мекемеден шығуға қатаң тиым салынады, үйге баруға болмайды. Әрқайсымыз осы қиын кездер тезірек бітіп, отбасымызға оралып, бала-шағамызды бауырымызға бассақ деп армандаймыз. Басында елдің бәрі жақындарын сағынып, көңілі босап жүрді. Өйткені дәрігерлер бұндай жұмысқа дайын болған жоқ», – дейді Надя Ерғалиева. 

Ауыр жұмыс, күйзеліс, отбасымен қауыша алмау, айналадағы жағдай  – бәрі медицина қызметкерлері үшін  оңай сынақ болған жоқ. 

«Көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер бұл ауыртпалыққа төзім танытып жүр. Тек жас мейірбике, санитарларға қиындау тиді, олар отбасын, әке-шешесін сағынады. Бұл қызметкерлермен және науқастармен кәсіби психологтар жұмыс істеп жатыр», – деп әңгімелейді Надя Ерғалиева. 

Үйден жасаған тамақты дәрігерлерге курьер арқылы беріп жібереді. Ауруханада құнарлы ас-ауқат ұйымдастырылғанына қарамастан, үйдегілері сәлем-сауқат жіберіп тұрады. Ал ауруханадан үйге ештеңе жіберуге болмайды. Оған қатаң тиым салыған. 
Бұл ауруханада аса ауыр хәлде жатқан науқас жоқ. Дәрігерлердің бір уақыт демалып, жаттығу жасап, туғандарына телефон шалып, кітап оқуына да уақыт табылады. 

«Біздің ұжым тату, ұйымшыл,  бұрыннан  келе жатқан өзіндік дәстүрі бар,– деп атап өтті Надя ЕРҒАЛИЕВА. – Көптеген жылдар бойы жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмыс істеп келе жатқан ауруханамызға – 65 жыл. Ұзақ жылдар аурухана медициналық мекемеге бейімделмеген ғимаратта отырдық. Алдымен барак үйде, кейіннен ескі балабақша ғимаратына көшті.  Тек 2016 жылдың желтоқсанында ғана 180 төсектік жаңа типтік ғимаратқа ауыстырылды».

Әңгіме соңында дәрігер инфекционист мамандығы ұзақ уақыт елеусіз болғанын мойындайды. Ғылым көптеген инфекцияғңа қарсы екпе тапты, халықтың басым бөлігіне екпе жасалған. Сондықтан да болар, біз пандемия дегеннің не екенін ұмытып, оның салдары қандай боларын тіпті түсінбей келгендейміз.