Жаңалықтар

Фермерлердің 4,3 млрд теңгеден астам төлемі кейінге шегеріледі

Тағы 51 өтініш қарастырылып жатыр

«ҚазАгро» Холдингінің Аграрлық несие корпорациясы 32 кәсіпкердің жалпы көлемі 4,31 млрд. теңгені құрайтын қарызын төлеу бойынша мерзімді кейінге шегеруді мақұлдады, сондай-ақ 51 өтінім қарастырылып жатыр деп хабарлайды «Аграрлық несие корпорациясының» баспасөз-қызметі. 

Қазіргі кезде корпорацияға кейінге  төлемді шегеру туралы өтініштерімен 81 қарыз алушы жүгінген. Олардың қарызы 6,3 млрд. теңгеден асады.  Әр өтінім жеке тәртіп бойынша қарастырылып жатыр.

 Айта кететіні, 299 млн. теңге көлемінде несие алған бір кәсіпкердің өтініші мақұлданбады. Бас тартудың себебі – қарыз алушының қазіргі төлемдері бойынша жеңілдік кезеңі бар және бұл кәсіпкер шарт талаптарына сәйкес әзірге төлем жасамайды.

Төлемдерді кейінге шегеруді ұсыну ережелеріне сәйкес, жарияланған ТЖ режимі салдарына қаржылық жағдайының нашарлаған анықталған клиенттің өтініштері ғана мақұладанады.  Мәселен, сатылған тауар мен көрсетілген қызмет көлемінің азаюы, өнім сатып алушылардың төлемді тоқтатуы немесе мерзімінің өзгеруі сынды себеп болуы тиіс. Сонымен қатар, пандемияға байланысты енгізілген шектеулерге байланысты Корпорация өз қарыз алушыларына қатысты өсім мен айыппұл есептеуді де тоқтатты.

«ҚазАгро» ҰБХ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ клиенттері мерзімді кейінге шегеруге қатысты барлық мәселелері бойынша 5115 жедел желісіне тегін хабарласуға болады.

Айта кетейік, COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.