Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясына қатысты еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғаны байқалады. Бұл туралы ДСМ-нің Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында өткен тікелей эфирде Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдегі коронавирус жұқтырғандар санының өсімі 7 пайыздан аспайды.
«Соңғы екі аптада ел бойынша жағдайдың тұрақтанғаны байқалады, ауру өсімі 7 пайыздан аспайды. Бұл ретте наурыз айында шетелден келгендер мен солармен қарым-қатынаста болғандардың арасында көптеп анықталғанын айта кеткім келеді. Ал сәуір айында біз профилактикалық тестілеуге көштік, нәтижесінде сәуір айында тіркелген науқастардың 52 пайызы немесе 1862 жағдай профилактикалық тексеру нәтижесінде анықталған. Адын ала тестілеудің мақсаты – жасырын ауру ошақтарын анықтау. Оларды анықтамасақ, қатары көбейіп, ауру жұқтырғандардың саны артып кетер еді», – деді Бас санитар дәрігер.
Қазір профилактикалық тексеруден өтуі тиіс 16 топ анықталған.
«Алдағы уақытта тест саны мен тестілеу тактикасына байланысты тест өткізуі тиіс адамдардың қатарын көбейту жағын қарастырып жатырмыз. Наурыз айында күніне 2 мың адам тест тапсырса, қазір күніне 16 адамға жетті. Алдағы уақытта ел бойынша күніне 25 мың адамның тест тапсыруын қаттамасыз ету жоспарын қойып отырмыз», – деді Есмағамбетова.
Сонымен қатар Бас санитар дәрігер елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына карантин шаралары үлкен ықпал еткенін айтып өтті. Осы орайда карантиннен кезең-кезеңімен шығу елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтылығын сақтауға ықпал етпек.
«Карантин шараларының тиімділігі ауру санына тікелей байланысты. Жағдайдың тұрақтануы бәрін дұрыс жасағанымыздың белгісі,»- деп атап өтті эпидемиолог.
Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстан бойынша 3988 адам вирус жұқтырған. Соның ішінде 1107 науқас ауруынан айықса, 27 кісі көз жұмды.