Елжан Біртанов әрбір вакцинаның қауіпсіздігін анықтау үшін бірнеше сатыдан тұратын тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Министр атап өткендей, бұған дейін денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір заң осындай ашық әрі ауқымды талқылаудан өтпеген. Бұл туралы мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Жұмыс тобының 42 отырысы өтті, 1 000-нан астам түзету қаралды, отандық және халықаралық сарапшыларды, ДДСҰ өкілдерін тарта отырып, 11 көпшілік талқылау өткізілді.
«Соңғы кезде әлеуметтік желілерде Кодекстің қабылдануына қарсы талқылаулар жүргізіліп жатыр, соның ішінде сапасыз вакциналар, жосықсыз сатып алу мен вакциналарды дұрыс тасымалдамау, медициналық қиындықтар және вакцинадан бас тартушылар санының көптігі туралы шындыққа жанаспайтын әңгімелер айтылуда. Бұл қоғамдық сананы ашық түрде манипуляциялау»,- деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, министр Қазақстанда Вакциналау мәжбүрлеп жүргізілмегенін атап өтті.
«Бүкіл әлемдегі секілді біздің елімізде де ерікті түрде салынатын және міндетті вакциналар болады. Әр жағдайда ата-аналардың ақпараттандырылған келісімі немесе вакцинациядан бас тарту құқығы бар! Екпе алмаған балалар құқығын шектейтін ешқандай норма жоқ! Ұжымдық иммунитетті, яғни балабақшаларға баратын барлық балалардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін бір ғана норма бар», – деді министр.
Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы бізде 4 841 334 балаға вакцина салынды, оның ішінде 6 003 балаға ғана салынбады (бас тарқан). Ал бұл тек ‒ 0,12%. Асқыну фактілеріне тоқталсақ, 2019 жылы екпе егілген 4 841 334 баланың ішінде тек 143-інде ғана жағымсыз белгілер байқалды (температураның көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы), бұл ‒ 0,003%! Сонымен қатар Қазақстанда 2019 жылы вакцинадан қайтыс болған балалар тіркелмеген.
«Сандар бәріне дәлел. Айта кету керек, Қазақстанда әрбір вакцина тиісті өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкес келетін қауіпсіздікке, тиімділігіне және сапасына көп сатылы тексеруден өткізіледі», – деп нақтылады Е. Біртанов.