Карантин жағдайында ҰБТ қалай өтетіні белгілі болды
Биыл тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау 20 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн жүргізіліп, Алматы қаласы бойынша 190 мемлекеттік және 49 жеке оқу ордасының білім бәйгесіне қатысатыны анықталған.
Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, 9047 түлектің 8575-і онлайн түрде, ал 472-сі дәстүрлі форматта өтініш білдірген. Ал ҰБТ санитарлық талаптарды сақтай отыра бұрынғыдай өткізілмек. Білім шарасын өткізетін 8 орын анықталған. Олар:
. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті;
2. Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті;
3. Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
4. «Нархоз» университеті;
5. Халықаралық білім беру корпорациясы;
6. Халықаралық бизнес университеті;
7. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті;
8. Алматы технологиялық университеті.
«ҰБТ өткізілетін барлық орындарда дезинфекциялаушы туннелдер орналастырылады, ал түлектер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Осы жылы 9299 талапкер мектеп бітірсе, олардың 545-і – «Алтын белгі» иегерлері. Биыл 9 және 11 сыныптар үшін қорытынды аттестация болмайды, аттестат оқу жылында қойылған жылдық бағалауға сүйене отырып беріледі. 3-4 маусым күндері мектептерде 11 сынып оқушыларына аттестат тапсыру рәсімі өтеді. Ол шара алдын ала белгіленген кесте бойынша түлектердің жаппай жиылуын болдырмау арқылы өткізіледі» дейді Ләззат Жылқыбаева.
Қалалық білім басқармасының ақпараты бойынша, төмендегідей ережелер мен шаралар бекітілген:
• Білім мекемелерінде оқу жылы 25 мамырда аяқталады;
• 9-11 сыныптар үшін қорытынды емтихан өткізілмейді;
• Негізгі орта және жалпы орта білімнің аяқталуын аттестаттау ағымдағы бағалау негізінде жүзеге асады;
• Орта білім беретін мекеме басшыларының электронды журналдағы бағаны түзеуіне тыйым салынады;
• 1-10 сыныптар үшін салтанатты жиындар қашықтық форматында өткізіледі;
• 11 сыныптарға аттестат табыстау рәсімі 3-4 маусым күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отыра өткізіледі.
Шаһарда салтанатты жиындар өткізу бойынша мынадай талаптар қойылған:
• Бітіруші сыныптар үшін салтанатты жиындарды өткізу бір-бірінен алыс тұру және қатысушылар үшін 2 метрден кем емес әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы жүзеге асырылады;
• Аттестат тапсыру тек сынып бойынша жүзеге асып, оқушы, ата-ана, педагогикалық ұжымның шектеулі өкілдерін қоса есептегенде 60 адам кіргізіледі.
• Бір сынып пен басқа сыныптың арасындағы аттестап тапсыру уақыты 1 сағаттан кем болмауы тиіс;
• Салтанатты жиынға үлкен буын өкілдері – ата мен әжелердің келмеуіне кеңес беру;
• Мектеп әкімшілігі ата-аналар комитеті, сынып және педагогикалық ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.