Қашықтан оқытқан қалай екен?

Жарияланды
ТЖ және тәмам болған төртінші тоқсан туралы ұстаздың ойын білдік

Бір оқу жылы да артта қалды. Биылғысының жөні бөлек. Төтенше жағдайға байланысты төртінші тоқсанды бүкіл Қазақстан оқушылары қашықтан оқып, тәмамдады. Осы уақыт ішінде ұстаздар шәкірттерімен желі арқылы жүздесіп, мессенджер көмегімен тапсырма беріп келді. Тоқсан соңында ерекше оқу жылы жайлы ұстаз ойын білгіміз келді.

Нағима Елтай Шымкент қаласының маңында орналасқан Тоғыс ауылындағы №120 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді. 58 жастағы ұстаз бала арманына адал болып, мақсатына жеткен. Бірақ мектеп бітірген бойда педагог мамандығына түсу бұйырмай, алдымен мәдениет қызметкері болып жұмыс істейді. Кейіннен, тәуелсіздік алған жылы арман еткен  жолы — мұғалімдікке кіріседі. Содан бері мектеп табалдырығын аттаған балаларды күлімдеп қарсы алып, әріп танытып келеді.

 

88a008f7-fa9c-42de-8c78-ce84db4fa114.jpg

«Балалармен бірлесіп жұмыс істеген өте қызық. Көбі қазіргі балаларды тәрбиелеу қиын екенін айтып, шаршамайтынымның сырын сұрап жатады. Ал негізі ойлап қарасаңыз, әр бала — жеке әлем. Әрқайсысының жан дүниесіне терең үңілуге тырысамын» дейді кейіпкеріміз.  

Кейіпкеріміздің күні таң намазынан басталады. Қазан-ошақ қасында қазір келіні жүреді. Таңғы асы дайын. Ауқаттанып алып, жұмысқа кіріседі. Қашықтан оқытуға көшкен кезде алғашында қиын болғанын айтады.

«Бірден бәрін игеріп, алып кету оңай болған жоқ. Бірақ дамыған ел болу үшін жаңа технологияның тілін білу қажет. Балалар үшін де пайдалы. Біздің мектеп қала сыртында болғандықтан, материалдық база толық емес. Ал карантин кезінде бұрын үңіле бермеген әдіс-тәсілдермен таныстық. Осы тұрғыдан ұнады. Таңертең 8-де отырғаннан кешке қарай бір тұрамын. Өйткені ізденемін, көп білуге ұмтыламын»,- дейді.

«Биыл тағы бір топ оқушыны орта буынға аттандырдым. Соңғы тоқсанды қашықтан оқығандықтан, екі ай бойы шәкірттерімді көрмедім. Дегенмен ара-тұра олар мектепті, сабақты және мені сағынғандарын айтып, хабарласып тұрады» дейді. 

50ea4f4b-5877-44e1-adf1-0cf5df84255e.jpg

Сондай жылы лебіздің бірін Алдияр Дәрібай атты оқушысы видеомен жолдапты.

 «Нағима апай, бізді мұражайға апарған кезіңіз есіңізде ме? Сол экскурсия маған қатты ұнаған. Тарихи оқиғаларды талдап, ата-бабамыздың тыныс-тіршілігін танысқанбыз. Сабақтан тыс кездегі сондай сәттер үшін сізге алғысымыз шексіз. Сізді жақсы көреміз»,- дейді Алдияр. 

Ләззат Ермекбай атты шәкірті есінде ерекше қалған сәтті есіне алыпты. Айтуынша, 1-сыныпта «Қызықты математика» сабағында тапсырма орындағанда апайының «Өте жақсы» деп бағалағанына ерекше қуанып, қанаттанған екен. Өзі нашар орындадым деп ойлап, іштей сенімсіздік пен қорқыныш бойы билегенде ұстазының көтермелегеніне дән риза болыпты. 

«Негізі бағалауға келгенде жоғары сынып ұстаздары біздің сәл көтермелеп баға қоятынымызды айтып жатады. Меніңше, баланы демеп, қолпаштаған сайын ол өзіне сенімді бола түседі. Мысалы Ләззат өз жұмысын «төртке» бағалағанымен, мен «бес» қойдым. Соған қуанған ол одан кейін үздік оқуға тырысты. Саусақтары нәзік, үлбіреп тұрған балапандардың қанатын қиюға бола ма екен?. Төрт жыл өтсе де, сол сәт оның есінде сақталыпты. Көрдіңіз бе, қолдаудың маңызы қандай?»- деп ағынан жарылды ұстаз. 

«Осы оқу жылында 4-сыныпты 7 қазақ, 2 орыс класы бітірдік. Соның ішінде жасы ең үлкені — мен. Менен кейін 49 және 46 жастағы екі ұстаз бар. Қалғандары — жастар. Олар болса, заманауи тәсілдерді қолданғысы келеді. Қазір техниканың заманы болғандықтан, мектепті ең бірінші компьютермен жабдықтау маңызды. Тіпті кеше ТЖ кезінде қанша мұғалімге жұмыс істеу қиын болды. Үйіне интернет желісі тартылмаған, ноутбугы жоқ дегендей. Кей ауылда сабақ өту үшін сай-сала мен төбе кезіп кеткен. Онлайн сабақтың дамуға жақсы әсер еткенімен, әлеуметтік ахуалың сай келмесе, өте ауыр. Жақында Елтай ауылында су тасқыны болды. Сондағы бір ұстаз «үйдегі дүние-мүлкімді тастап, қолыма ноутбугымды құшақтап, бар ойым журнал мен жұмыста болды» деп ағынан жарылды» деп ұстаздардың қызметіне қаншалық адал келетінін атап өтті Нағима Әлсейітқызы. 

Мұғалімдердің әлеуметтік мәселесінен бөлек, оқулықтардың сапасы да жиі сынға ұшырайды. Нағима Елтай бұрынғы «Әліппенің» артық тұсын айтып берді.

«Әліппе» бұрын үшке бөлінетін: «Әліппеге дейінгі кезең», «Әліппе кезеңі» және кейінгі кезең. Алдымен 14 сағат айналамен танысу өтеді. Сөз құрау, тасымалдау, дауысты-дауыссыз дыбыс және т.б тақырыптарда жеке-жеке өтетінбіз. Екінші кезеңде дыбыс пен әріпті таныстырып, екі қатар көркем жазу жүретін. Қазір жастар жазуға мән бере бермейтінін байқаймын. Каллиграфия өте маңызды. Әріптердің арасы үзілмей, бір-бірімен байланысып жазылуы керек. Ал қазіргі «Сауат ашу» оқулығында мұның бірі жоқ. Үшінші кезеңде бүкіл әріпті таныған соң, ертегілер, өлең-тақпақ берілетін. Одан кейінгі мәселе — «Ана тілі». Бала ана құрсағына жатқанда-ақ анасының сөзін тыңдап өседі. Тілге, анаға деген құрметті сіңіріп өсіруге жақсы әдіс еді. Ал қазір «Әдебиеттік оқу» болып өзгерді. Бірден көшіп кеткен ыңғайсыз. Өйткені ана тілі мен әдебиет арасында үлкен алшақтық жатқандай көрінеді. Әдебиеттің маңызы, әлбетте, өте зор. Дегенмен бастауышта төрт жыл бойы «Ана тілі» оқулығын оқып өскен сезім өзгерек деп есептеймін»,- дейді ұстаз. 

Мектебін сағынып жылаған оқушылардың аудиосын естіген боларсыз. Карантин көп нәрсенің бағасын айқындады. Соның ішінде — ұстаздың. Қағаздан көз ашпай, кейде жеке шаруасына қолын бір сілтеп, журнал толтыратын жандарға төтенше жағдай оңай болмады. Оны ата-аналар да еріксіз мойындап жатыр. Бір анық: келер жылы ұстаз да, шәкірт те мектеппен сағына көріседі. 

 

Сондай-ақ оқыңыз