Жаңалықтар

Бірыңғай жиынтық төлемді қалай және қайда төлеу керек ?

Бұл үшін табыс мөлшері жылына 1175 АЕК-тен аспауы тиіс

Кәсіпкерлік қызметті ЖК-ны тіркеуден өткізбей жүзеге асыратын және жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғалар БЖТ төлеушілер болып есептеледі. Бұл ретте табыс мөлшері жылына 1175 АЕК-тен аспауы тиіс.  Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ-ның ресми телеграм-арнасы хабарлады.

Бірыңғай жиынтық төлем  мөлшері:

– республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК;

– басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК.

Төлем екінші деңгейдегі банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына бір сомамен жүргізіледі. Төлемді жүзеге асыру үшін банкте есеп айырысу шотын ашу талап етілмейді.
Бірыңғай жиынтық төлем төрт міндетті төлем түрін біріктіреді:

• 10% – жеке табыс салығы (ЖТС);

• 20% – әлеуметтік аударымдар (ӘА);

• 30% – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);

• 40% – міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (ММСА).