Ресурстар

Асқар Жұмағалиев: «Байқоңыр» ғарыш айлағынан биыл 20 зымыран ұшырылады

Ғарышты дамыту тоқтамайды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев   «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтау және дамыту және Kazsat ғарыштық байланыс жүйесін өркендетудің жолдарын айтып, есеп берді,-деп хабарлайды primeminister.kz

Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі

Қазақстанның ғарыш саласы көптеген практикалық міндеттерді шешу үшін ең заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді — кез келген автомобильші тап болатын навигациядан бастап орман өрттерімен күреске дейін қамтылған.

Бұдан өзге, ғарыштық технологиялар — ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ұлттық ғарыштық байланыс, Жерді қашықтан зондтау, дәлдігі жоғары навигация жүйелері құрылған.

Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі үш спутниктен тұрады: жерүсті басқару кешені және соңғы тұтынушыларға ЖҚЗ деректерін қабылдау, өңдеу және таратудың мақсатты кешені.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, ғарыш мониторингі деректерін пайдалану мемлекет айналымына кадастрлық құны 149 млрд теңге болатын 11 мың жер учаскесін қайтарып беруге, құны 41 млрд теңгеден асатын 3,5 млн га жерді игеруге мүмкіндік берді.

Ғарыштық мониторинг рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер сияқты қоршаған ортаға төндірілген қауіппен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Тек 2019 жылы республиканың 17 қаласында 9 268-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орын анықталды, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде экологтар мен әкімдіктер 2 768 қоқыс тастайтын орынды, яғни 30% жойды.

Ғарыштық мониторинг ауыл шаруашылығы өндірісін жоспарлаудың тиімділігін арттырады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қосады. Айта кету керек, сарапшылардың бағалауы бойынша, астықты уақытылы жинамау астықты 12%-ға дейін жоғалтуға алып келеді.

Ғарыш технологияларын қолданудың арқасында 2019 жылы өткен жылмен салыстырғанда игерілмеген алқаптар екі есеге қысқарды (54,5 мың га-ға).

Ғарыштық мониторинг төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және апаттардың салдарын жоюға мүмкіндік береді.

Мәселен, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылғаннан кейін Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде күн сайын су басу алаңына бағалау жүргізіліп, зардап шеккен үйлердің саны анықталды.

Ғарыштық мониторинг деректері қазақстандық KazStSat және KazEOSat-1 спутниктерінен алынды.

Қысқа мерзім ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» мамандары елді мекендердегі барлық үйлер мен ғимараттарды, сондай-ақ су басу аймағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін анықтады. Бұл Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінде цифрланған кадастрлық деректердің бар болуының арқасында мүмкін болды.

Алынған мәліметтер әкімдікке зардап шеккен азаматтарды: елді мекендердегі жылжымайтын мүлік иелерін, сондай-ақ жер учаскелерінің иелерін проактивті түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 11 мамырда өзбек тарапына жалпы ауданы төрт жүз қырық мың шаршы км астам қазақстандық спутниктерден алынған ғарыштық суреттер берілді.

 

Kazsat ғарыштық байланыс жүйесін дамыту

Қазақстанның ғарыштық байланыс жүйесі KazSat-2 және KazSat-3 байланыс спутниктерін қамтиды. Олар Қазақстанның телехабар тарату және байланыс саласындағы қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді.

Олардың көмегімен еліміздің барлық аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелерге (мектептер, ауруханалар, әкімдіктер) байланыс, деректерді беру және интернет желісіне қол жеткізу қызметтері ұсынылады. Биыл байланыс жерсеріктері арқылы алыс аудан тұрғындары үшін Интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Қазақстанның барлық жерсеріктік телевизиялары — «Отау ТВ», «Алма ТВ» — KazSat жерсеріктері арқылы ұйымдастырылған.

2019 жылы ғарыштық байланыс жүйесін пайдаланудан түскен жалпы кіріс 29 млрд теңгеден асты және 14,7 млрд теңге деңгейінде жылдық импорт алмастыру қамтамасыз етілді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке 6 млрд теңгеден астам жалпы салық аударылды.

Спутниктік байланыстың ұлттық жүйесі — бұл егемендік пен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Оның болашақта маңызы тек өсе бермек.

 

Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені

Өткен жылы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды.

Биыл халықаралық стандарттар мен ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынауға дайындығын растау үшін кешеннің операциялық біліктілігін жүргізу жоспарлануда.

Кешен жобалаудан бастап спутниктерді құрастыруға және сынауға дейінгі жұмыстардың толық циклін жүргізуге, сондай-ақ жиынтықтауыштарды дайындауға мүмкіндік береді.

 

«Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтау және дамыту

Байқоңыр ғарыш айлағы — әлемге ғылыми-техникалық прогреске, ал адамзатқа ғарышқа жол ашқан ғарыш айлағы. Дәл осы ғарыш айлағынан ғарыш дәуірінің басталғанын жариялаған алғашқы спутник ұшырылды.

Жақында Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 65 жыл толды, мұнда адам ғарышқа ұшты.

Осы уақыт ішінде Қазақстанда да, бүкіл әлемде да түбегейлі өзгерістер орын алды. Кеңес Одағы тарады. Қазіргі уақытта Қазақстан мен ғарыш айлағының бір бөлігін жалға алған Ресей алдында КСРО кезіндегіден мүлдем басқа міндеттер тұр.

Дегенмен, Байқоңыр әлі де сұранысқа ие. Біз оның болашағын екі ірі халықаралық жобамен байланыстырамыз.

Біріншіден, Ресеймен бірлесіп «Союз-5» орта санатты зымыран-тасығышты ұшыру үшін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру. Сондай-ақ биыл барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісу жоспарлануда.

Екіншіден, Ресеймен және БАӘ-мен бірлесіп, «Союз-2» зымыран-тасығыштарын ұшыру және олардың модификациялары үшін Байқоңыр ғарыш айлағындағы №1 старттық алаңын реконструкциялау бойынша «Гагаринский старт» жобасы пысықталып жатыр. Бұл жоба әзірше үкіметаралық келісімді дайындау сатысында.

Оған қоса, қазақстандық мамандар ғарыш айлағынан жүзеге асырылатын барлық ұшуларды экологиялық сүйемелдейді. Өткен жылы 13 түрлі зымыран-тасығыш ұшылды, 2020 жылы 20 ұшыру жоспарланып отыр.

Байқоңыр ғарыш айлағы ғарыш саласын дамытудың кешенді бағдарламасының негізгі элементі болады деп көзделген.

 

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері

Жалпы, цифрландыру, аталған жобаның экономикалық тиімділігі 2 жыл ішінде алдын ала 802,5 млрд астам теңгені құрады.

Инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды және аралас салаларды есепке алғанда 120 000-ға жуық жұмыс орны құрылды. Жалпы Министрлік салалары бойынша 170 млрд астам теңге инвестиция тартылды.