12 маусымда сағат 05:36-да Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Кондаратовка ауылында «Астық ЛТД Нұр компания» ЖШС аумағында жалпы ауданы 1100 ш.м. 4 қойма үй-жайы өртенді,-деп хабарлайды ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі телеграм арнасы.
Өрт 07:29-да ауыздықталды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрттің себебі анықталуда. Өртті сөндіруге ТЖД СҚО күштері мен құралдары, аудандық полиция бөлімінің кезекші жедел тергеу тобы, ерікті өрт сөндіру құралымдары құрамында 46 адам және 12 бірлік техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, бүгін 06: 25-те Түркістан облысы Келе ауданы Абай ауылында жеке тұрған 2 қабатты «Аят ата» СҮ 2-қабатында 250 шаршы метр аумақта өрт шығып, 32 шаршы метр аумақта бір қабатты жапсарлас қойманың төбесіне өтті. Өрттің жалпы аумағы 282 ш.м. құрады. Өрт салдарынан «Газель» автокөлігінің кабинасы жанып кетті. Сағат 08: 10-да өрт жойылды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрттің себебі анықталуда. Оқиға орнына Түркістан облысы ТЖД мен ПД 36 қызметкері мен 9 бірлік техника шықты.
Ал, таңғы сағат 07: 44-те Нұр-Сұлтан қ. Алматы ауданының 23 қабатты «Сенатор» ТК 20 қабатында 5 ш.м. аумақта пәтерден өрт шықты. Мұздатқыш камерасы, терезе рамалары мен балкондағы үй заттары өртенді. Алдын ала себеп-мұздатқыш камераның қысқа тұйықталуы. 08:15-те өрт жойылды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Тұрғындар өздігінен шықты. Нұр-Сұлтан қ. ТЖД-нен 25 адам және 5 бірлік техника шықты.