Жаңалықтар

Коронавирус әлемдік уран нарығына қалай әсер етті?

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың пікірі

COVID-19 пандемиясы көптеген саланың жүмыс тәсілін қайта қарастыруға мәжбүр етті. Атом энеркетикасына келер болсақ, коронавирус дүниежүзіндегі тіршіліктің негізгі қажеттілігін қамтамасыз етуде электр қуатының сенімді әрі таза қайнаркөзі қаншалықты маңызды екенін байқатты. Мұнай мен өзге де шикізат құны құлдырап жатқа кезде, уран бағасының өсуі – уран нарығының бірегей екенінің дәлелі. Уран өнімдеріне деген тұрақты сұраныс пен нарықтағы артық уранның азаюы оның бағасына оң әсер етті. Биыл бұл шикізаттың бағасы 40%-ға өсті. 

Біздің компанияның мажоритарлы акционері – «Самұрық-Қазына» АҚ нарықтағы қолайлы жағдайды, Қазатомөнеркәсіп акциялары бағасының оң динамикасын ескере отырып, қор нарығына компанияның акцияларын қосымша орналастырды. Осылайша, жекешелендірудің кешенді жоспары аясында компания акциясының 25 пайызын жекенің қолына өткізу туралы ҚР Үкіметінің тапсырмасы орындалды. SPO-ны Қазатомөнеркәсіп акцияларының өтімділігін одан әрі арттыру жолындағы оң қадам деп есептейміз.

«Самұрық-Қазына» жеделдетілген жазылым арқылы акция орналастыру үшін ең қолайлы уақытты таңдады. Бұл өз кезегінде инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Нәтижесінде SPO табысты өтті. Институционалды инвесторлар тарапынан түскен өтінім ұсыныстан 2,2 есе көп болса, Қазақстан азаматтары – жеке тұлғалар танытқан сұраныс 2,9 есе асып түсті. 

Лондон қор биржасы (LSE) мен Astana International Exchange биржасында институционалдық инвесторлардан түскен өтінімдерді бұдан әрі жеке инвесторлардың пайдасына AIX-те орналастыру үшін жинау (букбилдинг) –  көптеген мүдделі инвесторларға әлемдік уран өндірісіндегі жетекші кәсіпорын акцияларының саудасына қатысып, сатып алуына мүмкіндік берді.

Халықаралық ірі инвесторлар тарапынан да, Қазақстан азаматтары тарапынан да  сұраныстың жоғары болуы – заңды құбылыс деп ойлаймыз. Уран бағасының орта және ұзақ мерзімде қымбаттауына қатысты инвесторлар үміті ақталды. Ал келісім-шарт қоржыны мен қаржылық көрсеткіші уранның спот-бағамына тікелей байланысты Қазатомөнеркәсіптің –  әлемдік уран өндірісіндегі ең ірі кәсіпорынның акциясына қаржы салу –   инвесторлардың осындай өсімнен пайда көруі үшін берілген бірегей мүмкіндік. 

Сонымен қатар, біздің компания IPO-ға шыққалы бері, екі жыл бойы қаржылық көрсеткіштері мен дивидент төлемінің жоғары деңгейін тұрақты  сақтап келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазатомөнеркәсіптің бір акцияға төлеген дивиденті – 308,46 теңге болса, ал 2019 жылы 381,72 теңгені құрады.

Коронавирусқа байланысты өндірістің төмендеуіне, тіпті компанияда шектеу шараларының енгізілгеніне қарамастан,  Қазатомөнеркәсіп сатылым көлемін бұрынғы деңгейінде сақтап қалды. Өндіріс орындарындағы қызметкерлер саны  барынша азайтылды. Өзге барлық қызметкерлер еңбек ақысы сақтала отырып, үйлеріне жіберілді.

Тау-кен дайындау жұмысы, соның ішінде геотехнологиялық полигондарда жаңа блок дайындауға қатысты жұмыстар тоқтатылды. Өзге де ірі өндірушілер уран кеніштеріндегі жұмысты тоқтату тұру туралы шешім қабылдаған. Жалпы өндірістің COVID-19 пандемиясы салдарынан уақытша тоқтауы мен азаюы  –  уранға деген сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің жақсаруына ықпал етуі тиіс.