Павлодар облысында 2019 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келген еліміздің 14 аймағы мен 17 қаласында 22 өкілдігі бар қаржы пирамидасы қызметінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Aзаматтарға қаржы пирамидасына 180 мың теңге көлемінде кіру жарнасын төлегеннен кейін ай сайын 50 мың теңгеден 10 ай бойына төлем жасау ұсынылған.
«ЖШС қызметінде міндетті кіру жарнасы, әрбір жаңадан тартылған қатысушы үшін бонустардың төленуі, БАҚ-та жаппай жарнама жасау, интернет кеңістікте бір алушыға көптеген жіберушілерден жасалған ақша аударымы сияқты қаржы пирамидасының барлық белгілері көрініс тапқан. Бүгінгі таңда қаржы пирамидасына салымшылардан жалпы сомасы 3,9 млрд. теңге ақшалай қаражат тартылған», – делінген хабарламада.
Аталған әрекет бойынша ҚР ҚК 217-бабына (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) сәйкес мүлікті тәркілеумен 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.