Ресурстар

Биыл ЖОО-ға түсуші талапкерлер нені білуі тиіс?

Министрлік өкілдері тың ақпараттармен бөлісті

Сұхбат министрліктің желідегі парақшасында көрсетілді.

Осы жылы ҰБТ-ға қатысу үшін 131 755 өтініш келіп түсті. Бұл биылғы мектеп бітірушілердің 82 пайызын құрайды. Оның 110 мыңы онлайн түрде өтініш тапсырған. Өткен жылмен салыстырғанда тест тапсырғысы келгендер саны 12 пайызға артқан. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері осы және өзге де жаңалықтарын жария етті. Көптеген талапкерлерді және ата-аналарды әсіресе білім беру гранттарын жеңіп алатын конкурс деректері қызықтыратыны анық. 

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, 13-20 шілде аралығында білім беру гранттарының конкурстарына өтініштер қабылданып, конкурстың өзі 21-31 шілде аралығында өтпек. 

     «Осы жылы бакалавриатқа 53 863 грант, магистратураға 13 300 грант, докторантураға 2 355 грант бөлініп отыр. Сонымен қатар: Мүгедек балаларға арналған 1 пайыз; 
Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген азаматтарға 0,5 пайыз; 
Ауыл жастары үшін 30 пайыз; 
ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін 4 пайыз; 
Жетім балалар үшін 1 пайыз; 
«Серпін» бағдарламасы бойынша 10 пайыз квота қарастырылған.     
Білім жүйесінде былтырдан бастап жаңашылдық енгізілген. Яғни, талапкерлер мамандықты емес білім беру бағдарлама топтарын да таңдай алады. Грант нақты бір мамандыққа емес, білім беру топтарына бекітіледі», – дейді Әділет Тойбаев. 

Яғни, осыған дейін нақты мамандықтар тізімі бекітіліп, соған орай мемлекеттік білім беру тапсырысы жасалса, енді мемлекеттік тапсырыс білім беру топтарына үлестіріледі. 

    «Талапкерлер конкурсқа қатысқан кезде 4-еуге дейін білім беру топтарын таңдай алады және сол білім беру тобына берілген грантты ұтып алуы тиіс. Кейін оған грант берілген кезде жоғары оқу орнына келіп сол білім беру тобына кіретін білім беру бағдарламасын таңдап, оқиды»,- дейді Әділет Тойбаев. 

 

Egov.kz порталы арқылы білім беру топтары мен ЖОО-ны таңдап, конкурсқа қатысуға өтініш жіберуге мүмкіндік бар. Өтінішпен бірге білімі туралы құжатты, ҰБТ сертификатын, 086-У формасындағы медициналық анықтаманы және жеке куәлігін қоса жолдауы міндетті. Конкурс қорытындысы бойынша талапкер грант жеңгені немесе жеңбегені туралы хабарлама алатын болады. Егер қуанышты жаңалық болса, онда грант туралы электронды куәлік жіберілмек. 

Онлайн өтініш беру мұнымен шектелмейді. Грант жеңіп алған оқушы ЖОО-ға түсу мен жатақханадан орын алуға да осы портал арқылы өтініш жолдайды. Әділет Тойбаевтың айтуынша, биыл ҰБТ-дағы өзінің шекті балынан асыра жинауға мүмкіндік беретін қосымша емтихан да ұйымдастырылады. 

Білім беру саласындағы басты жаңашылдық ретінде аталып жатқан «білім беру топтары» бекерге қолға алынып жатқан жоқ дейді мамандар. Мәселен, министрлік үшінші жыл қатарынан «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп ЖОО-лардағы білім беру топтарының рейтингін жүргізіп келе жатыр. Ол жерде студенттің оқуды бітірген соң жұмысты қанша уақытта табатыны; орташа жалақы көлемі; жұмыс тұрақтылығы; білім беру бағдарламасының сапасы; білім беру бағдарламасын құрастыруға жұмыс берушілердің қаншалықты қатыстырылғаны ескерілмек. 

     «Мысалы, былтыр ЖОО түлектері орта есеппен 3,5 – 5 ай көлемінде жұмыс іздеп жүріп қалған. 61 ЖОО-да түлектердің жартысынан азы бір жыл ішінде жұмысқа орналасқан. Көп жылдар бойы белгілі бір ЖОО-лар осы талап бойынша төменгі орындарда келе жатыр. Олардың қатарында – Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті, Орталық-Азия университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университет және «Астана» университеттері бар. Ендігі кезекте ЖОО-лар өздерінің білім беру бағдарламаларын министрлік экспертизасынан сәтті өткізе алса ғана лицензия иеленбек», – дейді Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. 

Министрлік бекіткен шекті балл деңгейі:  

Ұлттық ЖОО-ға – талапкер 65 баллдан;  
Өзге ЖОО-ға – 50 баллдан; 
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринарлыққа» түсу үшін – 60 баллдан; 
«Педагогикалық ғылымдарға» – 70 баллдан; 
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруға» түсу үшін – 65 баллдан кем жинамауы тиіс.

 

 
Еске салсақ, биыл елімізде ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 белгіленген тапсыру орнында өтетін болады. Аталған орындар 38 университет, 3 колледж және 120 мектеп базасында орналасқан.