Оқушылар жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан оқиды
Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылының қандай форматта басталатынын хабарлады. Министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бірінші тоқсан қашықтан оқыту форматы арқылы басталмақ.
«Қазіргі эпидемиялық жағдайдың қандай күйде екені бәрімізге белгілі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын күзде балалардың 70 пайызы тұмаумен ауырады. Балалар, мұғалімдер және ата-аналардың ауру жұқтырып алу қаупін ескеріп бірінші тоқсандағы оқуды қашықтан оқытамыз деп шештік» деді министр.
Алайда бастауыш сыныптар үшін кезекші топтар ұйымдастырылады.
«Балалардың жас ерекшелігін, олардың мектеп табалдырығын енді аттайтынын, оларда әлі өз бетінше білім алу көзқарасы қалыптаспағанын ескере отырып барлық білім беру мекемелерінде кезекші кластар ұйымдастырылады. Ол үшін алдымен ата-аналар баласының мектепке барып оқуына ықылас білдіруі тиіс. Егер олар осындай өтініш білдірсе, онда біз сол мүмкіндікті ұсынамыз. Кезекші топтар барлық санитарлық және эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра жұмыс істейді. Біріншіден, оқу жүйесі бірнеше ауысымда жұмыс істейді. Екіншіден, біз кластарды бірнеше кіші топтарға бөлеміз. Әрқайсындағы бала саны 10-15 адамнан аспайды. «Бір класс – бір мұғалім» қағидасы қалыптасады. Қазіргі жағдайға байланысты бастауыш сыныптарға тек бір ғана мұғалім сабақ береді деген шешімге келдік. Ағылшын тілі және басқа пәндер қашықтан оқу жүйесіне ауыстырылады» деді министр брифингте.
Қалай болған күнде де сабақ жалғасады. 1 тамызға дейін ата-аналар биыл мектеп табалдырығын аттайтын балаларын тіркеуі тиіс. Оны онлайн түрде де жүзеге асыруға болады.
Мемлекет бекіткен тәртіп бойынша қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар да бірінші сыныпқа бара алады. Себебі, олар жыл аяғына дейін толық 6 жасқа толады. Министрлік бұйрығына сәйкес биыл бірінші сыныпқа қабылдау 1 маусым мен 1 тамыз аралығында жүргізіледі. Әрине, құжат жолдаудың екі нұсқасы бар:
Алғашқысы – дәстүрлі нұсқа – құжатты қағаз түрінде ұсыну. Екіншісі – egov порталы арқылы өтініш жолдау. Онлайн өтініш тапсыру кезінде үш құжат қажет болады: ата-ана өтініші, баланың 3х4 суреті және медициналық анықтама. Сондай-ақ ата-ана egov порталы арқылы бір емес, бірнеше баласы үшін де өтініш жолдай алады. Бұл ретте:
• Еліміздегі әр мектептің электронды жүйеге қосылғанын;
• Мектепті сол жерден таңдауға болатынын;
• Баланы мектепке білім басқармасы емес, тікелей мектептің өзі қабылдап алатынын да айта кету қажет.
Онлайн түрде өтініш беру үшін міндетті түрде ЭЦҚ кілті қажет. ЭЦҚ-ны қалай ашу туралы мына сілтемеге өтіп таныса аласыздар.
Egov порталына кіргеннен кейін «Азаматтарға» бөлімінен «Білім» бөлімін таңдайсыз. Әрі қарай «Мектепке дейінгі білім» терезесінен «Мектепке дейінгі ұйымдарға құжаттарды қабылдау және балаларды қабылдау» бөлімін таңдап, «Онлайн сұрауды» басасыз. Әрі қарай мынандай терезе ашылады.
Көрсетілген бағандарды толтырып, тиісті құжаттарды жүктеп, өтініш бересіз. Өтініш автоматты түрде министрліктің жүйесіне келіп түседі.