Елімізде темір жол көлігімен 137 млн. тонна жүк тасымалданған
Биылғы бірінші жарты жылдықта елімізде темір жол көлігімен жүк тасымалдауда оң серпін байқалады. Өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш 134 млн. тонна болса, биыл алғашқы 6 айда 137 млн. тоннаға жетіп, 2,2% өсім болды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Бұған экономикалық өсімі қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде уақытылы қабылданған шаралар ықпал етті.
Атап айтқанда, жүк жөнелтушілер үшін жүктерді сақтау, вагондардың тұрғаны үшін алымдар мен төлемдер, сондай-ақ айлық өтінімдер бойынша тиеу жоспарын орындамағаны үшін салынатын айыппұлдар алынып тасталды.
Бұдан басқа, төтенше жағдайда және амалсыз бос тұрған кезеңде жолаушыларды тасымалдаушыларды қолдау бойынша іс жүзіндегі шығындарды субсидиялау және еңбекақы төлеу қоры бөлігінде шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, жолаушылар вагондарының тапшылығын жою мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 50 жолаушы вагоны сатып алынды. Олар Нұр – Сұлтан – Арқалық бағытына 14 вагон, Атырау – Маңғыстау – 18, Алматы – Жезқазған – 10, Нұр-Сұлтан-Семей – 8 вагон түсті.
Бұдан басқа, темір жол көлігімен тасымалдаудың нормативтік негіздерін жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Осылайша, биылғы бірінші жартыжылдықта тасымалдаушылар көп болған жағдайда тасымалдау процесіндегі әрбір қатысушының өзара іс-қимыл тәртібін айқындауға бағытталған темір жол көлігі мәселелері жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.
Ағымдағы жылдың екінші жартысында жүк тасымалы нарығында шынайы бәсекелестікті дамыту үшін тиісті заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.