42 500 теңге кімге, қалай және қашан беріледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде 42 500 теңге кімге, қалай және қашан берілетіні туралы түсіндірме жасады. Сізде артық сауал қалмас үшін қысқа әрі нұсқа, сұрақ-жауап түрінде ұсынып отырмыз. Өтініш қабылдау ертеңнен басталады. Тағайындау — дүйсенбіден. Төменде толығырақ тарқатуға тырыстық.
Кім ала алады?
Карантин шараларының күшейтілуіне байланысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер. Өтінішті тек жұмыс берушісі береді. Егер жұмыстан шығарып жіберген болса, жергілікті жұмыспен қамту орталығына бару керек. Ол жерден қазір бар вакансияларды қарап, қолайыңызға қарай таңдап ала аласыз. Егер лайық келмесе, үш күннің ішінде жұмыссыз ретінде тіркеліп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен жұмыссыздыққа қатысты басқа төлемді автомат түрде алуыңызға болады. Мерзімі — 6 ай. Жұмыс берушілерше қойылатын басты талап — кәсіпорын жұмысының нақты карантинге байланысты тоқтауы.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындар. Бұл санатқа кіретіндер өтінішті өзі береді. Бұл жолы зейнетақы және әлеуметтік жарналардың төленуі міндеттелмейді. Жалғыз шарт сол: күшейтілген карантин шараларына байланысты кәсібі тоқтап қалған болуы тиіс. Оның тоқтап қалғанын жергілікті штаб пен салық комитеті өкілдері белгілейді.
Азаматтық-құқықтық сипаттар бойынша жұмыс Істеп жүрген азаматтар, яғни фрилансерлер. Ол кісілер де өтінішті өзі береді, штаб арқылы өтпей, тікелей беріледі. 2020 жылдың алты айы ішінде бір рет болсын зейнетақы жарнасын төлеген болса болды. Бұл қатарға ай сайын бірыңғай жиынтық төлемді тұрақты төлеп жүрген кәсіпкерлер де кіреді. Олар да карантинге байланысты кәсібін тоқтатқан болуы керек.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Егер жұмысы тоқтап қалса, 42 500 теңге ала алады. Осыған дейін ТЖ кезінде БЖТ төлеген болса, тағы төлеудің қажеті жоқ.
Кім ала алмайды?
Бірыңғай жиынтық төлем төлегенімен, мемлекет бюджетінен зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек не сақтандыру қорынан тиісті төлем алып жүргендерге берілмейді. Өйткені олар бейресми жұмыс істеушілер деп саналмайды. Ал егер ресми түрде жұмыс істейтін болса, ол үшін жұмыс беруші өтініш береді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер болса, карантин кезінде тоқтағаны үшін өзі өтініш жібере алады.
Төтенше жағдай кезінде миллионнан астам адам БЖТ төлеген. Яғни бірінші рет бейресми жұмысы барын растаған. Министрдің айтуынша, 70 мыңға жуығы жұмыспен қамту шараларына тартылған. Егер сол азаматтар қазір жұмыс істеп жатса, сәйкесінше, төлем берілмейді.
42 500 теңге төлемінде студенттер мен декреттегі аналарға қатысты арнайы санат жоқ. Яғни егер жеке кәсіпкер не жалдамалы қызметкер болса, әңгіме басқа. Ондай жағдайда жоғарыдағы ала алатындардың санатына кіреді. Осыған дейін бейресми жұмыс істедім деп бір рет БЖТ төлеген студенттер осы жолы ала алмайды. Өйткені заңнама бойынша студенттер экономикалық белсенді азаматтар қатарына кірмейді. Оларды жұмыссыз ретінде тіркеуге болмайды. Декреттегі аналарға қатысты өткендегідей, берілмейді. Себебі олар бала бір жасқа толғанша мемлекеттен не сақтандыру қорынан жәрдемақы алады. Ал енді баласы бір жастан асқан болып, жұмысқа шыққан соң карантинге байланысты шектеліп отырса, жұмыс беруші ол үшін өтініш береді. Жеке кәсіпкер болса, тұрақты түрде БЖТ төлеп жүрген болуы керек. Төтенше жағдай кезінде БЖТ төлеп, бейресми жұмысын растағандар бұл жолы да алуына болады. Бұл жерде ескерілуі керек дүние — жәрдемақы алмайтын, баласы бір жастан асқан әйелдер туралы айтылған сөз.
Өтінішті қайда береді?
Жұмыс берушілер ақысыз демалысқа жіберген қызметкерлері үшін ғана береді. Егер қашықтан істеп жатса, онда болмайды.Egov.kz пен enbek.kz арқылы жолданады. БИН-ді енгізген бойда барлық ақпарат шығады. Жұмысшылардың өзі өтініш бермейді. Сондықтан портал жұмысына артық күш салудың қажеті жоқ. Жұмыс берушіңіз өтініш берген соң, enbek.kz арқылы статусыңызды тексеріп отырсаңыз болады.
Жеке кәсіпкерлер өзі береді. Порталдардан бөлек, телеграм боттар арқылы да бере аласыз.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да порталдар мен телеграм боттар арқылы береді. Өтініш соңында карантинге байланысты жұмысыңыздың тоқтағанын растап, осы ақпарат үшін жауапкершілік алатыңызды белгілейсіз. Осыған дейін Kaspi bank пен Halyk bank арқылы да беруге болатыны жайлы ақпарат шыққан. Олардың сервисі әзір дайын емес екен. Портал дайындығына қарай қосылады. Бастысы, өтінішті бір сервис арқылы және бір-ақ рет беру керек.
Мерзімі қандай?
Төлем тек шілде айы үшін беріледі. Бірақ өтініш қыркүйекке дейін қабылданады. Яғни порталдар күзге дейін ашық болады. Өтінішті жолдай бересіз.
Төлем қашан тағайындалады?
Өтініштерді қабылдау 17 шілдеден басталғанымен, тағайындау дүйсенбіден, яғни 20 шілдеден басталады. Ескерту: тағайындау деген — қаражаттың есепшотқа түсетінін білдірмейді.
Неге автомат түрде берілмейді?
Себебі бұл жолғы карантин шаралары төтенше жағдаймен бірдей емес. Яғни бұрын жұмысы тоқтағандар бүгінде жалғастырып жатқан болуы мүмкін. Немесе сол кезде жұмысын жалғастырғанымен, дәл қазір табысынан айырылып қалғандар бар. Сондықтан өткендегі базаны министрлік қолдана алмай отыр.
СМС арқылы өтініш беруге бола ма?
Бүгіннен бастап броактив түрде тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр екен. Өткенде 42 500 теңге алғандардың ішінде жағдайы өзгеріссіз қалды дегендерге смс түрінде сұрау жолданып жатыр. Яғни «алдыңғы жолы төлем алған едіңіз, осы жолы да жұмыстан айырылдыңыз ба, егер солай болса «1», олай болмаса «2» санын жіберіңіз» деген мәтінмен смс жіберіліп жатыр. Егер растаған болсаңыз, онда сізге төлем автомат түрде беріледі. Статусыңызды портал арқылы қадағалап отырасыз. Смс алған болсаңыз, телеграм не портал арқылы қайта өтініш берудің қажеті жоқ.