Ресурстар

Алдағы жылдары  Алматы индустриялды аймағында 35 жоба іске қосылмақ

Қалада 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

2021 және одан кейінгі жылдары Алматы индустриялды аймағында 35 жобаны іске қосу жоспарланған. Жобалардың жалпы құны 151 млрд.теңгені құрамақ, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Жүзеге асырылатын жобалардың қатарында металл құрылымдарын өндіру, шиналарды шығару, сүт және ірімшік өнімдерін, медициналық бұйымдарды, газды өрт сөндіру жүйелерін, жөргектерді, пластикалық профильдерді, шыны пакеттерге арналған аксессуарларды, алюминий және биметалл жылу радиаторларын, көлік-логистикалық және тарату орталықтарын өндіру бағытындағы бастамаларды іске асыру жоспарлануда. 
Сондай-ақ, индустриялық аймақта 20-дан астам кәсіпорын экспортқа бағытталған өнім шығаратын болады.
Алматы индустриялды аймағы 2012 жылы құрылған.

Индустриялық аймақ жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және, бірінші кезекте, Алматы қаласында өнеркәсіптің басымды бағыттарын дамытуға арналған – ол машина жасау, тамақ, жеңіл, фармацевтика және химия өнеркәсіптері, құрылыс материалдарын өндіру. Сонымен қатар, қаланың тұрғын аудандарынан өнеркәсіп кәсіпорындарының орын ауыстыруына, технологиялық, инновациялық өнім шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға артықшылық көрсетіледі.

Индустриялық аймақтың жалпы ауданы 490 га құрайды, оның 326 га (инфрақұрылымға 164 га) жобаларға бөлінді. Бүгінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 268,2 га (57,8 га еркін) қарастырылған. 260 млрд.теңгеге 58 компания резиденттер болып табылады, оның ішінде шетелдік қатысумен 18 компания (Қытай, Ресей, Жапония, Иран, Малайзия, БАӘ, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ). Осылайша 8,5 мың жұмыс орнын құру көзделген.