ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордадағы медициналық мекемелерге барып, ҚР Президентінің нұсқаулары мен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімдерінің орындалу барысын тексерді. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы шұғыл ресми Telegram каналы хабарлады.
Премьер-Министрдің орынбасары барған алғашқы нысан амбулаторлық-емханалық және стационарды алмастыратын көмек көрсететін, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем шақыртуларына қызмет көрсететін №9 қалалық емхана болды. Бүгінгі таңда емханада 95 мың тұрғынға қызмет көрсетіледі.
Пандемия кезінде емханада фильтр-кабинеттер мен провизорлық бөлім ұйымдастырылды, бұл жерлерде ПТР-зерттеу үшін биоматериал алынып, сондай-ақ қажетті ем тағайындалады.
Сонымен қоса, Ведомствоаралық комиссия басшысы Damumed мобильді қосымшасы арқылы іске қосылған пациенттерді тегін онлайн-қабылдаудың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде 19 ұйым осы қызметке қосылған. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы 31 медицина ұйымы онлайн-консультациялар жүргізетін болады.
Бұдан өзге, емханада жедел жәрдемге түсетін жүктемені жою мақсатында бес мобильді бригада ұйымдастырылған. Бұл мобильді топтар COVID-19 және пневмониямен сырқаттануға күмәнді науқастарға үйде қызмет көрсетеді, дәрігерлер тексеріп, ПТР-зерттеуден өткізу үшін биоматериал алынады және қажетті ем тағайындалады.
Сонымен қатар, Е. Тоғжанов жедел медициналық жәрдем қалалық станциясына барды. 2016 жылдан бері станцияда кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көлемі аясында ауруханаға дейінгі шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде мұнда 1 414 медицина қызметкері жұмыс істейді, 80 бригада мен 124 автокөлік құралы бар.
Айта кетейік, бүгінгі таңда жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндердің санының азайғаны байқалып отыр. Егер 22 маусымда оған тәулігіне 4,3 мың адам жүгінсе, 16 шілдеде 1,9 мың адам жүгінген. Оның ішінде КВИ бойынша жүгіну саны тәулігіне 500-ден 254-ке дейін төмендеген. Жедел жәрдемді шақыртулар саны тәулігіне 3 мыңнан 1,3 мыңға дейін қысқарған.