2020 жылдың алғашқы алты айында фармацевтика өнімдері мен дәрі-дәрмек өндірісінің индексі былтырғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда, 123,6 пайызды құраған. Егер фармөнімдердің тек маусым айындағы өндірісін алсақ, өткен жылмен салыстырғанда ол үштен бір есе өскен.
ҚР ҰЭМ статистика комитетінің дерегі бойынша, Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында дәрі-дәрмек өндірісі артқан. Елде шығарылатын дәрі-дәрмектің 90 пайызы – осы аталған өңірлердің еншісінде. Атап айтқанда ел үшін маңызды салада жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның бірі – Шымкентте орналасқан «Химфарм» АҚ – еліміздегі ең ірі фармөнім өндіруші. Бұл кәсіпорын жылына 600 млн таблетка, капсула және саше, 193,8 млн инъекциялық ерітінді ампуласын, 2,6 млн инфузиялық ерітінді флаконын, 4,5 млн сұйық пероральді дәрілік затты, цефалоспориндер тобындағы антибиотиктер ұнтақтарының 35,4 млн флаконын және басқа антибиотиктердің 14 млн флаконын шығара алады.
Ал Алматыда орналасқан «Нобел АФФ» АҚ-ның жылдық қуаты 750 млн таблетка, 250 млн капсула, 20 млн құты сироп мен суспензия, 10 млн туб крем мен гель шығаруға жетеді.
2019 жылдың басында қызметтік сипаттамасында «негізгі фармацевтикалық өнімдер өндірісімен» айналысатыны жазылған 72 кәсіпорын болған. Соның ішінде 45 кәсіпорынның негізгі қызметі – дәрі-дәрмек және медициналық бұйым өндірісі. Фармацевтика өнімдері өндірісінде 3,6 мың адам жұмыс істейді. Статистика комитетінің дерегі бойынша, осы салада қызмет ететін қызметкерлердің орташа айлық жалақысы жыл басында 239 479 теңгені құраған.