Нұр-Сұлтан жұқпалы аурулар стационарының басшысы Татьяна Цечоева елордадағы коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Біздің көпбейінді медициналық орталық изоляторында қайтыс болған науқастар мәселесін айтатын болсақ, 4 ай ішінде стационарда 46 науқас көз жұмды. Қайтыс болғандар саны – 1,6%. Маусым, шілде айында көрсеткіш күрт өскені байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, науқастар 50%-дан 100%-ға дейінгі көлемде өкпе тіндерінің қабынуымен келеді. Демек, медициналық көмек сұрайтындардың дені кешігіп келеді. Дегенмен, соңғы аптада науқастардың, оның ішінде ауыр халде түсетіндердің саны азайғаны байқалады», – деді Татьяна Цечоева.
Дәрігердің айтуынша, науқастар ауру басталғаннан 7-10 күн өткеннен кейін ғана ауруханаға жүгінеді. Қауіпті себептің бірі – науқастың жасы. Көбіне 70-тен асқан азаматтар. Ал 1950-1960 жылы туған науқастар арасында көз жұмғандар саны біршама аз.
«Тағы бір себеп, науқастардың жасынан кейін қосалқы ауруларының болуы. Семіздіктен зардап шегетін, қант диабеті бар, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруы бар науқастарда (жүректің ишемикалық ауруы, инфаркт болуы) көз жұму ықтималдығы жоғары. Ал жастар арасында бұл өте сирек кездесетін жағдай», – деп атап өтті дәрігер.
Жұқпалы аурулар стационары басшысының айтуынша, наурыз, сәуір айларында болған жағдайлар мен бүгінгі кездегі науқастардың жағдайы бөлек. Аурудың клиникалық картинасы өзгерген. Мәселен, бұрын өкпе тіндерінің қабынуы ғана кездессе, қазір полиағзалық жетіспеушілік көп кездеседі.
«Тромбоэмболиялық асқынулардың үлкен пайызы байқалады. Массивті тромбтың пайда болу механизмі іске қосылады. Қазіргі ауа райының қолайсыздығынан, ыстық болғандықтан, жүрегінде ақауы бар науқастарда тромб пайда болуы әбден мүмкін», – деді Татьяна Цечоева.
Елордалық денсаулық сақтау басқармасы амбулаториялық кезеңде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың арқасында стационарларға пневмониямен түсетіндердің саны азайғанын айтады.
«Емханалар күнделікті симптомсыз және КВИ жеңіл түрі бар науқастарға, пневмониямен ауыратын науқастарға мониторинг жүргізеді. Бейне байланыс форматында онлайн-кеңестер өткізіледі. Үй жағдайындағы стационарлар ұйымдастырылып, науқастар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Амбулаториялық кезеңде медициналық көмекті ұйымдастырудың арқасында пневмониямен түсіп жатқан науқастардың саны 20%-ға азайды (1333-тен 1066-ға дейін)», – деді Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова.
Қалада коронавирустың 7887 жағдайы тіркелді, олардың жартысынан көбі – 5155 науқас емделіп шықты. Көз жұмғандар саны – 81.