Алматы қаласында төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алуға өтінімді 900 мыңға жуық адам берген. Соның ішінде әлеуметтік көмекті шамамен 441 мың адам алған. Бұл туралы Алматы қаласының әлеуметтік әл-уқат басқармасы бастығының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жолы төлемге өтінімді әрбір жұмыскер берген, біз қосымша тексеруді жүргізген жоқпыз. Төлем берілуі тиіс адамдардың барлығына төлем тағайындадық. Қазіргі кезде кеңсе, үйде жұмыс істеп жүрген адамдар туралы мәлімет үшін жауапкершілік жұмыс берушінің мойынында», – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, табысынан айырылмаса да, төлем алу үшін құжат тапсырып жүрген адамдар да бар. Осындай оқиғалар төтенше жағдайлар кезіндегі бірінші локдаунда тіркелген.
«Өткен төлемдер кезінде маған табысынан айырылмай, онлайн-режимде жұмыс істеген бірнеше адам телефон шалған. Алайда олар аталған төлемді алуға өтінімді жіберіп, ақшаны алды. Одан кейін реквизиттер іздеп, ақшаны қайда қайтару керек екенін сұрап жүрген, бұл ақшаның керек емесін айтқан. Оларға берілуі тиіс емес екенін айтты. Ақыры, ақшаны қайтарып берді. Қалада ақшаны саналы түрде 16 адам қайтарды. Менің білуімше, олар бойынша ешқандай арыз талаптар ұсынылған жоқ», – деп қосып өтті Данияр Әлкебайұлы.
Жалпы алғанда, cоңғы екі айда 42 500 теңгені 441 мыңға жуық адам алған, бұл – 18 миллиардтан астам теңге. Төлем алуға өтінімді 900 мыңға жуық адам берді. Өтінімдердің бір бөлігі түрлі себептер бойынша қабылданған жоқ: кейбір өтінімдер екінші рет берілсе, өтінім берген кей азаматтар мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген, кейбіреулері мемлекеттің толық қамқорлығында болған. Тіпті, қайтыс болған адамдардың атынан өтінім берген жағдайлар да кездесті», – деп түсіндірді спикер.