Алматыда стационарларға арналған дәрі-дәрмектің резервтік қоры құрылды
Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен КВИ жұқтырған науқастар емделетін стационарларды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ететін резервтік қор құрылды. Оның жұмысына 5 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл туралы Алматы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.
Резервтік қордан инфекциялық және провизорлық ауруханаларға 70 мыңнан астам қажетті дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Оның ішінде дексаметазон, цефтриаксон, азитромицин, эноксапарин, офлофлоксацин, меропенем, клексан және парацетамол бар.
«Бүгінде ауруханада КВИ жұқтырған науқастарды, сонымен қатар қосалқы ауруларды емдеуге қажет дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар. Бүгінгі таңда ауруханада дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі жоқ», — деді қалалық И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының сарапшы-дәрігері Тамара Утағанова.
Қордағы дәрі-дәрмектер Фтизиопульмонология орталығына да жеткізілді. Індет басталған уақыттан бері бұл аурухана карантиндік және провизорлық бөлім ретінде жұмыс істеп келеді. Алайда қазір мұнда тек коронавирус жұқтырған науқастар емделеді.
«Ем қабылдап жатқан науқастардың зардап шекпеуі үшін біз үнемі, күндіз-түні, өзімізге қажет дәрі-дәрмектердің өтінімін жасаймыз. Негізгі дәрі-дәрмектерден басқа біз гуманитарлық көмек есебінен дәрілік заттар мен басқа да медициналық заттарды аламыз. Олар қоймаларда қалып қоймайды. Өйткені оларға әрдайым қажеттілік бар. Бізге келген науқастар дәрі-дәрмектерді және жалпы медициналық көмекті толық көлемде алады. Сондықтан пациенттер тезірек сауығып, үйлеріне оралады», — деді Алматы қаласындағы фтизиопульмонология орталығының инфекция бөлімінің меңгерушісі Абзал Дүйсенбекұлы.