Алматы қаласында ертең, 21 шілдеден бастап қалалық бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің қаулысымен қатаң шектеу шаралары енгізіледі. Қазіргі таңда шаһарда Covid-19 дерегі өршіп тұрғаны белгілі. Күшейтілген карантиндік шаралар коронавирустық инфекцияның таралуын шектеуге бағытталған.
• Қаулыға сәйкес, қалааралық автобус тасымалы тоқтайды. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері қала мен қала маңындағы қоғамдық көліктердің және метрополитеннің жұмыстары тоқтатылады. Ал қаулының 3-тармағы 8-тармақшасында көрсетілгендей кеңес, конференция, форум, тренинг, көрме, сондай-ақ отбасылық іс-шаралардың өткізілуіне тыйым салынған. Сонымен қатар мәдени, (музей, театр, көрме), діни нысандар, балаларды сауықтыру лагерьлері, білім беру орталықтары, аккредиттелген спорт базаларының қызметіне тыйым салынады. Ал өңірлер арасында жеке автокөліктердің жүрісіне тыйым салынбайды.
• Қаулыға сәйкес, ойын-сауық мекемелерінің де есігіне қайта құлып салынады. Яғни, караоке, бильярд, компьютерлік клуб, букмекерлік кеңсе, түнгі клуб, аттракцион, батут секілді орталықтардың жұмысы тоқтайды. Мұның ішінде кинотеатрлар да бар. Тек ашық ауада 30 орыннан аспайтын қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмысы жалғасады. Оның өзінде 22:00-ге дейін ғана.
• Тағы қандай нысандар жұмыс істемейді?
СПА-орталық;
Тренажер зал;
Фитнес-орталық;
Бассейн;
Қоғамдық жағажай;
Аквапарк;
Монша;
Сауна;
Сұлулық салоны;
Шаштараз;
Массаж кабинеті;
Жабық азық-түлік және азық-түліктік емес базарлар.
• Қандай нысандардың жұмысына рұқсат беріледі? (санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отыра)
Қаржы нарығы субъектілері (уақыты мен саны бойынша шектеулі);
Халыққа қызмет көрсету орталықтары (9:00-16:00);
«Қазпочта» АҚ (8:00-14:00);
Ашық ауадағы құрылыс жұмыстары;
Өнеркәсіптік кәсіпорындар;
Көлік жуу, автомобиль жөндеу, тұрмыстық техниканы жөндеу орындары (10:00-17:00);
Бизнес-орталықтар;
Айырбастау орындары;
Ломбардтар; (9:00-17:00);
Медициналық орталықтар;
Дәріхана;
Азық-түлік дүкендері;
Азық-түлік және азық-түліктік емес базарлар (ғимараттардан тыс жердегі).
• Қаулы бойынша, мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор, ұлттық компания және кәсіпкерлік субъекті басшылары кем дегенде қызметкерлерінің 80 пайызын (егер штаттағы қызметкер саны 30-дан асса) қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруы тиіс.
• Мекемелер алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді. Ал қала тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйым басшылары бұл мәселені жеке тәртіпте реттеуге міндетті. Сондай-ақ қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық, медициналық-әлеуметтік нысандарда, балалар үйінде, жасөспірім үйінде, оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған арнайы оқу орындарында карантин және санитариялық-дезинфекциялық режим қатаң сақталуы тиіс.
• Азаматтар қауіпсіздігін сақтау мақсатында халыққа қызмет көрсетуші мекемелер бір реттік маска, қолғап және температура өлшейтін құрылғылармен қамтамасыз етілуі тиіс.
• Барлық нысандар күшейтілген дезинфекциялық режимді ұстанады. Ол үшін қолды, дезкриктерді өңдеуге арналған санитерлерді орнатылып, дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып үй-жайларды ылғалдатып, желдету қажет.
• Аптасына 2 мәрте пәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістері мен аула аумақтарына, көшелер мен жалпы пайдаланылатын орындарға, көп пәтерлі тұрғын үйлердің ошақтық кіреберістеріне дезинфекциялық өңдеу жүргізілуі керек. Бұл жұмысқа қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы жауапты деп жазылған.
Қаулыда «техникалық және медициналық оттегін өндірушілер қалалық ауруханаларды үздіксіз медициналық оттегімен жабдықтауда бірінші кезекте және басымдықты қамтамасыз етсін» деп атап көрсетілген.
«Осы қаулы Алматы қаласының аумағында меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. Осы қаулы 2020 жылдың 20 шілдесі 00 сағат 00 минуттан бастап күшіне енеді» делінген Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысының қорытынды сөзінде.
Қаулыға сәйкес, азаматтар жұмыс пен қоғамдық орындарда маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауы тиіс.
Соңғы дерек бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 70 339-ға жеткен. Алматы қаласында ауырғандар 9000 адамға жуықтап қалды. 5000-нан астам адам тәуір болып, 54 адам көз жұмған.