Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың жаңа нысандарын ковидтік госпитальдер ретінде пайдаланудың дайындық барысымен танысты.Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.
Қала әкімі жұмыс сапары барысында №4 перзентхананың жаңа нысанында болды.
«№4 қалалық перзентхананың жаңа корпусын қарап шықтым. Мұнда COVID-19-бен ауырғандар үшін қосымша 50 төсек-орын ашылады. Коронавирус инфекциясымен босанатын әйелдерге арналған госпитальды дайындау бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір хирургиялық, реанимациялық жабдықтарды, ӨЖЖ аппараттарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп аптаның соңына қарай бұл жер КВИ-мен босанатын әйелдерді қабылдауға дайын болады», — деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында.
Әкім өзінің сөзінде ковидті стационар ретінде жұмыс жасайтын перзентхананың қуаттылығы 105 төсек-орынға дейін жететінін айтты.
«Жоғары білікті медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі арқасында аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен өмірі сақталатын болады», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Сонымен қатар, Алматы әкімі COVID-19-бен күресуде науқастарды жатқызатын орындарды көбейту қажеттілігіне байланысты салынып жатқан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету Орталығы ғимаратының құрылыс барысымен танысты, мұнда 500 төсек-орынға арналған бірінші эшелон инфекциялық стационар ретінде қайта бейімделеді.
«Барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Нысанды бір айдан кейін тапсыруды жоспарлап отырмыз», — деп жазды Б. Сағынтаев.