Елордалық педагогтер «Қашықтан оқытуды үйренемін» онлайн-курсынан өтеді 

Жарияланды
Барлық педагогтер ютуб арнасы арқылы  елордалық мұғалімдердің тәжірибесімен таныса алады

Курста мұғалімдер қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн-сабақтардың оқу үрдісін жоспарлауды үйренеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

24-29 тамыз аралығында білім беру ұйымдарының барлық педагогтері «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтан оқытуды үйренемін» онлайн-курсында білім алады. 

Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова хабарлады.

 «Курс бес модульден тұрады: қашықтан оқыту ерекшеліктері, оқуға тарту, ақпараттық-техникалық құралдары, кәсіби ынтымақтастық, ата-аналарды педагогикалық қолдау. Курс ұзақтығы – 40 академиялық сағат, өткізу форматы – асинхронды.Бұл тыңдаушыларға өз бетінше өту уақыты мен қарқынын таңдауға мүмкіндік береді. Курстар «Stepik» білім беру платформасында өтеді», – деді Ш.Қадырова.

Онлайн-курстың әрбір тақырыбы мұғалімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстарды қамтиды. Педагогтер курстарда қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн-сабақтардың оқу үдерісін жоспарлауды, оқу жетістіктерін бағалауды ұйымдастыруды үйренеді.

Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтер үшін осы платформаға еркін кіру мүмкіндігі қарастырылған. Маусым айынан бастап yardstream арқылы жүзеге асатын «Педагогикалық тәжірибе алаңы» ашық жұмыс істейді. Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтер әлеуметтік желілер мен ютуб арнасы арқылы кез келген уақытта елордалық мұғалімдердің тәжірибесімен таныса алады.
 

Сондай-ақ оқыңыз