Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған, бүгінде Ресейдің Мәскеу қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған азамат осындай қысылтаяң кезеңде жерлестеріне қол ұшын созды.
Қазіргі кезде көпшілік таппай жүрген, дәраханаларда жоқ цефтриаксон, левофлосация, антикоагулянт-клексан антибиотиктерін, вирусқа қарсы препарат – ингавиринді, парацетомол, С дәрумені мен басқа да дәрі-дәрмектерді, сегіз оттегі концентратын, ересектер мен балаларға арналған пульсоксиметрлерді және жеті термоконтейнерді өз қаржысына алған.
Медициналық препараттар тиелген жүктің көрші елден Павлодарға еш қиындықсыз жеткізілуіне коррупцияға қарсы қызмет пен «Ertis – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қызметкерлері қолдау көрсетті. Сөйтіп, жерлестерге жәрдем Баянауыл аудандық ауруханасына жеткізілді.
Медициналық препараттар мен аппараттардың барлығына «тегін» деген штамп қойылған. Кәсіпкер бұл дәрі-дәрмектерді шын мұқтаж науқастарға тегін үлестіру туралы тілегін білдірген екен. Сонымен қатар, демеуші азамат баянауылдық дәрігерлердің мәскеулік ғалымнан ақысыз түрде кеңес алуын ұйымдастырыпты.
«Біз аптасына екі рет профессормен бейнебайланысқа шығып, біздің хаттамаға сәйкес емдеу тәсілдерін талқыладық. Ол пациенттерге медициналық көмек көрсетудің маңызды тұстарына тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. Ақыл-кеңесін аямаған ғалымға, туған жеріне көмек көрсеткен жерлесімізге зор ризашылығымызды білдіреміз», – дейді Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сержан Арынов.