Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, қазір Қазақстанда медицина қызметкері тапшы. Осы күндері эпидемияға қарсы 46 мың медқызметкер жұмылдырылса, соның 9 мыңы ғана дәрігер.
• Елімізде жыл сайын қанша түлек медициналық оқу орындарын бітіріп шығады?
• Оның қаншасы еңбекке араласады?
• Биыл бітірген түлектер пандемиямен қалай күресіп жатыр?
Мақалада осы сауалдарға жауап іздейміз.
* * *
«Инфекциялық және провизорлық ауруханаларда 23 мыңнан астам медқызметкер жұмыс істейді. Оның 5 мыңы дәрігер. Бізге әлі 1400-дей дәрігер, 1700-дей медқызметкер керек. Қазір біз үшін инфекционист пе, пульмонолог па әлде реанимотолог па, бәрі де керек» деген еді Ажар Ғинаят.
Осыдан екі жыл бұрын министрліктегі ғылым және адам ресурсы департаментінің директоры Айгүл Қаптағаева елімізде 3116 дәрігер жетіспейтінін айтқан. Әсіресе, солтүстік, батыс, орталық облыстарда маман тапшылығы қатты сезіледі. Көп талапкерлер нейрохирургия, кардиохирургия, акушер, гинеколог секілді мамандықтарды таңдайды. Біраз дәрігер мемлекеттік емес, жеке клиникаларда жұмыс істегенді жөн көреді екен.
«Қазір Қазақстанда 74 мыңнан сәл асатын дәрігер, 170 мың медқызметкер, ауылдық жерлерде 11 мыңнан астам дәрігер мен 45 мың медқызметкер жұмыс істейді» деген еді Қаптағаева.
* * *
Қазір елімізде онға тарта медициналық университет бар. 2018 жылғы дерек бойынша ол оқу орындарында 25 416 студент білім алған. Ал 2017 жылы 4445 дәрігер жоғары оқу орындарын аяқтаған.
«Астана медициналық университетінің» өзі жыл сайын 1000 маманды даярлайды. Олардың 97 пайызы еңбекке араласып кетеді дейді университет баспасөз қызметі. Ал С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін 2018 жылы 1485 түлек бітіріп, оның 553-і жұмысқа (37,2 пайыз) орналасса, 519-ы оқуын әрі қарай жалғастырған. 2019 жылы 1314 түлек оқу бітіріп, 401-і (30,5 пайыз) еңбек жолын бастаса, 530-ы оқуын әрі қарай жалғастырған. 2020 жылы оқу бітірген 1271 түлектің 815-ін (64,1 пайыз) университет жұмыс орынына өзі бағыттаса, 452 студент (35,5 пайыз) өз беттерінше жұмыс тапқан.
Медициналық колледждер де жыл сайын бірнеше маманды еңбек нарығына үкілеп қосады. Қазір елімізде 26 мемлекеттік, 37 жеке медколледж бар. Жыл сайын олар орта есеппен 12 мың медқызметкерді даярлап шығарады.
* * *
«Жыл сайын біздің университетті 1000-нан астам студент бітіріп шығады. Арнайы комиссия түлектерді қай жаққа жіберуді шешіп отырады. Медициналық ұйымдар жас түлекпен бірден еңбек келісімшартын жасайды. 2019 жылдан бастап «білім туралы» заңға сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық мамандықта оқитын барлық азаматтар университетті бітірген соң үш жыл мемлекеттік медициналық мекемеде жұмыс істеуі тиіс. Сол бойынша бізден шыққан барлық түлектер денсаулық сақтау саласындағы мекемелерге жұмысқа орналасады, бірқатары резидентурада білім алуды жалғастырғанды құп көреді» дейді Асфендияров университетінің баспасөз қызметі.
Дәл қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары өте қажет болып тұрғаны белгілі. Бұл мамандар университеттің қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде оқытылады. 2018 жылы «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша – 74, 2019 жылы – 42, 2020 жылы 40 студент бітіріп шыққан.
«Қоғамдық денсаулық сақтау» және «медициналық-профилактикалық іс» мамандықтары бойынша 2020-2021 жылдары мемлекеттік тапсырыс көлемі артқан. Соның арқасында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде гигиенист, эпидемиолог мамандар көптеп оқытылмақ.
«Осы жылы жұқпалы аурулар, анестезиология, реаниматология және пульмонология сияқты мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көбейтіледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар отбасылық медицина, терапияға да мемлекеттік тапсырыс саны артпақ» дейді университет баспасөз қызметі.
Университет дерегінше, қазір санитарлық-эпидемиологиялық саладағы мамандар саны 89,2 пайызды құрайды (1081 штаттық құрамда 1211 адам), 36,7 пайыз (397 адам) адам жоғары білім дипломымен жұмыс істеуде.
* * *
Айбек Ермекбаев – биыл Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ды хирургия мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас маман. Қазір орталық қалалық клиникалық ауруханада коронавируспен ауырған науқастардың өмірін арашалау үшін тәулік бойы тікесінен тұрып еңбек етіп жүр.
«Мұнда тез шешім қабылдай білу керек. Паникаға берілмей, дұрыс әрекет етуді меңгердік. Кезекшілікке қалу сияқты жұмыстарымызды да істеп жатырмыз. Бізбен бірге бітірген жігіттер мен қыздар тек осы ауруханада емес, басқа да клиникаларда қызмет атқарып жатыр. Пандемия біз үшін қорқынышты емес. Қорықсаң мұндай майданда жүрудің де қажеті шамалы. Бұл біз үшін әрі сынақ, әрі үлкен тәжірибе болып жатыр. Дегенмен маман тапшылығы қатты білінеді. Әсіресе, кезекші-дәрігер, санитар, медбикелер жетіспейді» дейді ол.
Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, биыл медициналық оқу орындарын тәмамдаған түлектер пандемиямен күреске белсене кіріскен.
«Университет пен колледж түлектерін белсенді тартып жатырмыз. Осы жылы 88 анестезиолог, 208 эпидемиолог оқу бітірді. Сондай-ақ министрлік қолдауымен анестезиолог, кардиолог мамандарын оқыту бойынша медициналық ЖОО-ларға 200 орын бөлінді. Санитар, эпидемиолог мамандарын бакалавриат және магистратурада оқыту үшін 360 орын бөлуді жоспарлап отырмыз» деді Тимур Сұлтанғазиев.
* * *
Министрлік ақпараты бойынша өңірлерде 616 анестезиолог-реаниматолог, 158 инфекционист, 60 эпидемиолог, 166 кардиолог, 68 пульмонолог, 84 реабилитолог жетіспейді.
«Бұл проблеманы шешу үшін министрлік барлық медициналық кадр бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастырып жатыр. Бұл дегеніңіз дәрігер жетіспей отырған аймақтарға консультативті және практикалық көмек көрсететін 40 мыңнан астам маман. Жұмысқа жеке сектордың 60 пайызын тартып үлгердік. Олардың мамандарымен келісімшарт жасалды» делінген 9 шілде күні таратқан министрлік хабарламасында.