COVID-19 бойынша жедел штаб өңірлерде бақылауды күшейтуде
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысында мемлекеттік органдардың коронавируспен күресуде атқарып жатқан жұмыстары тыңдалды. Бұл туралы CORONAVIRUS2020.KZ Telegram каналы хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі екі апта ішінде жедел шараларды қабылдау арқасында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізгенін мәлімдеді:
– COVID-19 жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 2,3-ке дейін төмендеді;
– сауығып кеткендердің саны 60%-ға артты;
– жедел жәрдемді шақырулар саны 31%-ға, оның ішінде COVID бойынша шақырулар 19%-ға қысқарды;
– реанимациялық төсек-орын саны 12%-ға, стационарлардағы төсек-орын 81%-дан 56%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, жедел штаб Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерінің жұмысы жеткіліксіз екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19-бен күрес бойынша өңірлер рейтингісінде осы облыстарда ең төмен көрсеткіштер тіркелген.
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Солтүстік Қазақстан әкімдігіне қолданыстағы төсек-орын қорының жүктемесін азайту бойынша жедел шараларды қабылдауды тапсырды.
Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап 4,3 мың карантинді бұзудың анықталғанын баяндады. Бұл ретте Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында оларды анықтау бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі атап өтілді.
Жедел штаб азаматтардың санитарлық және бетперде режимін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қорытындылай келе, Е. Тоғжанов пандемия кезінде азаматтардың өзін-өзі ұстау ережелерін әзірлеуді, өңірлерде карантин режимін бұзуларға қатысты күнделікті рейдтер жүргізуді және бірқатар басқа да шұғыл тапсырмаларды жүктеді.