Карантин кезінде иммунитетті қалай нығайтамыз?

Жарияланды
COVID-тың ерекшелігі, ағзада антиденелер қалыптаспауы мүмкін, ауырған науқастар қайта жұқтыруы ықтимал

Аллерголог иммунолог, педиатр дәрігер, «Астана» медицина университетінің микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының ассистенті Бақтыбаева Мөлдір Сиқымбекқызы Нұр-Сұлтан әкімдігінің @akimat_nur_sultan ресми парақшасында өткен тікелей эфирде пандемия кезінде иммунитетті қалай нығайту керектігін айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Дәрігердің айтуынша, иммунитет атадан-балаға ген арқылы келеді. Тумысынан әлсіз иммунитет болса, оны көтеру мүмкін емес. Тек берілген иммунитетті нығайтып, ұстап тұруға болады. Иммунитетті қалай сақтауға болады?

 «Ең әуелі зиянды әдеттерден аулақ болу, дәрумендерге бай азық-түліктермен тамақтану, спортпен айналысу, 8 сағаттық ұйқы, стреске бой алдырмау және жақсы ой ойлау. Ағза бір-бірімен тығыз байланысты. Сол себепті стресс, қорқыныш, үрей де иммунитетке кері әсер етеді, осыны ұмытпаған жөн», – дейді Мөлдір Бақтыбаева. 

Аурудан кейін иммунитетті қалай нығайта аламыз?

  «Негізінен адам ағзасында белгілі бір аурудан кейін антиденелер қалыптасып, екінші ауырған кезде күреседі. Кей вирус, инфекцияларға ағза төтеп бере алады. Адам желшешек, шешек сияқты аурулармен ауырса, иммунитет қалыптасып екінші рет ауырмайды. Ал COVID-тың ерекшелігі, ағзада антиденелер қалыптаспауы мүмкін, ауырған науқастар қайта жұқтыруы ықтимал», – екенін атап өтті дәрігер. 

Иммунологтың айтуынша, адам ағзасын нығайту үшін дәрумендер аса қажет. Мәселен, D дәрумені иммундық клеткаларға рецептор ретінде қатысады. Оның пайдасы өте мол. Елордада күн сәулесі өте аз түседі. Сондықтан жаз мезгілі болса да, D витамині көрсеткішін анықтап ішу қажет. Цинк, С дәруменін де қолдануға болады. Белсенді тағам қоспаларының да пайдасы бар. Бірақ әр дәруменді керекті анализ тапсырғаннан кейін, дәрігердің тағайындауымен ғана қабылдау қажет.

 Иммунитеттің түсіп кетуіне әсер ететін қандай факторлар бар?

 «Көбіне инфекциялық, аллергиялық онкологиялық, созылмалы аурулардан кейін адам ағзасы баяу қалпына келеді. Гормондар қабылдайтын науқастар, паразитарлық инфекциялар да адам иммунитетін тежейді. Адамның 80% иммунитеті асқазан-ішек жолында. Сондықтан асқазан ауруларын емдеп, оны қалпына келтіру қажет. Және тағы айта кететін мәселе, дене қызуы 37 градус болған жағдайда ағзаға өзі күресуіне мүмкіндік беру қажет. Төрт күн бақылауда ұстау қажет, егер қызу түспейтін болса ғана дәрігерге жүгіну қажет», – деп кеңес береді М.Бақтыбаева. 

Антибиотик қолданған соң, ағзаны қалай қалпына келтіруге болады?

Оның айтуынша, ең әуелі антибиотик вирусты өлтірмейтінін білу қажет. Ол тек бактериалды инфекцияларды жояды. Көп науқас қажетсіз қабылдайды. Антибиотик ішектегі 5 жылда қалыптасқан микрофлораны бұзады.

  «Симптом анықталған соң, жату қажет. Дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Көп жылы сұйықтық, шөп шайлар ішу керек. Мұрын мен тамақты күніне 10-15 рет шайқап, С дәруменін қабылдау қажет. Және сорпа, ашытқан сүт өнімдері: қымыз, шұбат, саумал адам ағзасына жақсы әсер етеді», – деп түйіндеді дәрігер.
 

Сондай-ақ оқыңыз