Елордаға COVID-19 және пневмонияға қарсы 2,5 миллион дәрі-дәрмек жеткізілді
Нұр-Сұлтанға ұшақпен COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар ауруларға қарсы 2,5 млн дәрі-дәрмек жеткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Олардың ішінде 550 мың қорап парацетамол мен ибупрофен, 300 мыңнан астам антикоагулянттар қаптамасы – ксарелто мен аспирин бар.
Сондай-ақ 1,4 млн бактерияға қарсы препараттар қаптамасы: азитромицин, цефтриаксон, левофлоксацин, велпенем; 30 мың вирусқа қарсы препараттар және т.б.
Шілденің ортасынан бастап қалаға 110 тоннаға жуық дәрі-дәрмек жеткізілді. Тексеруден кейін (1-2 күн) дәрі-дәрмектер дәріхана желілеріне таратылады. Бұл жүктер гуманитарлық көмек емес. Әкімдік дәрі-дәрмекті сатып алуға және тасымалдауға көмек көрсетіп, дәріхана желілерінің дистрибьютерларына айналым қаражатын бөледі.
Қала ауруханалары мен емханаларында дәрі-дәрмек қоры бар – олар уақтылы толтырылып отырады. Медицина мекемелеріне қосымша медициналық жабдықтар – 150 флуометр, 350-ден астам оттегі концентраторы, 500 арнайы кереует жеткізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және қосымша медициналық құралдарды сатып алу жұмыстары тұрақты негізде жүзеге асырылуда.