Ресурстар

Оқу жылынан бастап 2,6 миллион оқушы қашықтан оқиды

1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады

Оқу жылының басынан бастап 2,6 миллион оқушы қашықтан оқыту форматында білім алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлады primeminister.kz.

Елімізде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. 

Білім министрінің айтуынша, қабылданған шешімге сәйкес бұл жерде екі ерекшелік бар. Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуалға байланысты оқуды дәстүрлі штаттық режимде бастайды, сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары үшін, ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады.

Сонымен, алдын ала болжам бойынша, интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы (79%), кезекші сыныптарда 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде.

   «Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады», — деді Асхат Аймағамбетов.

Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы Министрлік үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.