1 қыркүйекте жаңа оқу жылы барлық мектептер мен ЖОО-ларда қашықтан оқыту форматында басталады. Ал ерекше форматта жұмыс істеу кезінде ұстаздар құқығы қалай қорғалады? Осы мәселе төңірегінде қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваға бірқатар сауал қойдық.
–Қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру кезінде еңбек қатынастарында қандайда бір ерекшеліктер бола ма?
Қашықтан жұмыс істеуге ауысқан кезде еңбек жағдайы Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес реттеледі. Еңбек заңнамасы жұмыс берушіні қашықтан жұмыс атқару үшін жұмыскерге жағдай жасауға міндеттейді. Тараптардың келісімі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де шығыстар (электр энергиясының, судың құны және және басқа да шығыстар) өтелуі мүмкін. Қашықтан білім беруді қолдау мақсатында мектеп оқушылары мен студенттерге және мұғалімдерге арналған «Білім» арнайы тарифтік жоспары іске қосылмақ. Еңбек кодексіндегі жоғарыда аталған нормалардың орындалуы үшін абоненттік төлемі айына 990 теңге тұратын «Білім» тарифтік жоспарының ақысын жұмыс беруші есебінен төленуі тиіс деп есептеймін. Жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін әр ұстазға электр энергиясына кеткен шығынын да төлеу мүмкіндігін қарастыруы керек.
–Олай болса әр қызметкерге электр шығыны өтемақысы қалай төленеді?
Біздің мамандар электр энергиясына кететін шығынды шамамен есептеді. Мысалы, компьютер (монитор, процессор)/ноутбук тұтынатын қуат сағатына орта есеппен 230 ватт немесе сағатына 0,23 квт). Қашықтықтан жұмыс істеу ұзақтығы – күніне 18 сағат нормативті оқу жүктемесі есебінен 3,6 сағатты құрайды. 5 күндік жұмыс аптасы мен айына шамамен 22 күн жұмыс күнін есепке алған жағдайда тұтынатын электроэнергиясының көлемі күніне – 0,83 квт, ал айына – 18,22 квт. құрайды. 1 айдағы жұмыс күндеріне кететін электр энергиясына жұмсалатын шығын көлемі (1 квт тарифтің құнын орта есеппен 18,00 теңгемен есептегенде) 327,96 теңге болады. Әр өңір өз тарифтері бойынша бұл шығынды нақты есептей алады. Сонда «Білім» тарифінің абоненттік төлемі мен 1 айдағы жұмыс күндеріне жұмсалатын электр энергиясының шығын көлемі шамамен 1 318 теңге болмақ.
–Жалақысы толық төленбеген мұғалімдер кәсіподаққа жүгіне ала ма?
–Жүгіне алады. Ондай жағдайда құқықтық сараптама жүргізіп, әр мәселенің мән-жайын анықтаймыз. Жалпы, жалақыны дұрыс есептемеу фактілері көп кездеседі. Алғашқы жарты жылдықта салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын орындау бойынша 1191 қоғамдық бақылау жүргізіп, 1093 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегін анықтады. Оның 378-і айлық ақының дұрыс төленбеуіне қатысты. Жыл сайын кәсіподақтың араласуымен педагогтарға тиесілі қаражаттар қайтарылады. Мәселен, былтыр бұл сома 2 067 124 753 теңгені, биыл алғашқы жартыжылдықта 653 893 331 теңгені құрады. Бұл педагогтардың еңбекақыларын, сондай-ақ педагогикалық шеберлік бойынша біліктілік санатына, магистр дәрежесіне берілетін қосымша ақылар, сонымен қатар, еңбек демалысының ақысы мен сауықтыруға арналған жәрдем ақының тиісті деңейде есептелмеу салдарынан қайтарылған қаражат.
–Негізінен педагогтар кәсіподаққа қандай мәселемен шағымданады?
–Сауалдар мен өтініштердің басым бөлігі еңбек қатынастарына және жалақыға байланысты. Карантин кезеңінде барша сала қызметкерлеріне, әсіресе бала-бақша қызметкерлеріне оңай болған жоқ. Өйткені, наурыз айынан бастап бірқатар өңірлерде бала-бақшалар жұмыс істеуін тоқтатып, бірқатар жұмыскерлер ақысыз демалысқа жіберіліп жатты. Осы орайда, үшжақты әлеуметтік әріптестік туралы салалық өңірлік келісімдерде белгіленген кәсіподақтың ұсыныстары ескеріліп, қызметкерлер жұмыстың бос тұрып қалуы кезінде Еңбек кодексінің нормаларымен көзделген мөлшерден артық төлемдер алуына мүмкіндік жасалды. Салалық кәсіподақ өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек жағдайларының жақсаруына мүдделі. Жаңа оқу жылында да мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің мәселесі осылай оңтайлы шешіледі деп сенеміз.
–Бұдан бөлек педагогтарға қатысты басқа қандай құқық бұзушылықтар болды?
Жұмыс уақыты мен демалу режимін бұзушылық (биыл 6 айда – 229 дерек), еңбек қатынастарын рәсімдеу (349 дерек) және басқа да (137) деректер бар. Биыл жұмыс берушілерге еңбек қатынастарының бұзылғаны жөнінде 580 ұсыныс жолданды. 537 ұсынысқа кемшіліктерді жойғаны туралы жауап алынды. Осы мерзім ішінде сотқа 8 талап-арыз жіберілді. Кәсіподақ өкілдері 11 кәсіподақ мүшесіне сот процестерінде өкілділікті қамтамасыз етті. Тексерістер нәтижесінде 54 қызметкер жұмысына қайта орналасты. 91 қызметкердің заңсыз жұмыстан қудалануының алдын алдық.
–Айгүл Мақсатқызы, пандемия кезіндегі кәсіподақ жұмысына тоқталып өтсеңіз…
–ТЖ, одан кейінгі карантин кезінде де салалық кәсіподақ белсенді жұмыс жүргізді. Әрине, коронавирус пандемиясы кезінде әдеттегі жұмысымыздың маңызы артып, әлеуметтік әріптестерімізбен тығыз байланыста жұмыс істедік. Салалық кәсіподақ қызметкерлерді қолданыстағы еңбекақымен қамтамасыз ету, ақысыз демалысқа жібермеу, ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңнама тәртібін сақтауды талап етіп, жұмыс берушілерге үндеу жасады. Бұдан бөлек мамандар жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылған қызметкерлерге ақы төлеу, демалыс беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелерін шұғыл түрде әзірлеп, оларды БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялады. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, кәсіподақ мүшелерінің сауалдарына жауап бердік. Соңғы өткен онлайн сұрақ-жауап эфирінің өзіне мыңға жуық мұғалім қатысып, 500-дей сұраққа жауап берілді.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтау және оларды тез арада жою үшін жүйелі мониторинг жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Барлық өңірлерде салалық кәсіподақ мамандары 24/7 режимінде қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңес берді. Наурыз айынан бастап оқу жылы аяқталғанға дейін салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарына сала қызметкерлерінен 2500-ге жуық өтініш-сауал түсті. 400-ге жуық жазбаша өтініш қаралды. Түскен сауалдар мен өтініштерге түгелдей жан-жақты жауаптар мен түсініктемелер берілді.
–Педагогтарға жаңа оқу жылы қарсаңында лебіз-тілегіңіз болса, мархаббат..
–Жаңа оқу жылында әріптестерге денсаулық, табыс, қызметтеріне сәттілік тілеймін. Мынау әбіргерге салған індет жер бетінен тезірек жойылып, қалыпты өмірімізге тезірек оралсақ екен.