17 тамыздан кейін 160 мың алматылық жұмысқа оралады

Жарияланды
Карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін

17 тамыздан бастап карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін 160 мың алматылық жұмысқа оралады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен  қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында  өткен онлайн-брифинг барысында Алматыда бірқатар кәсіпкерлік субъектілердің қызметін кезең-кезеңмен қайта іске қосу туралы айтып берді.

   «Бүгінгі таңда 17 тамызға дейін Алматы қаласы бойынша тыйым салынған сала қызметкерлерінің саны 250 мыңға жуық адамды құрайды. Оның ішінде білім беру саласынан 90 мың адам жұмысын тоқтатқан болатын. 17-ші тамызда,  жаңа режимде 160 мың адам жұмысқа шығады деп күтілуде», – деді Еркебұлан Оразалин. 

160 мың адам ойын-сауық және қызмет көрсету саласының қызметкерлері. 

Сондай-ақ, ол қатаң карантин жағдайында табыссыз қалған қала тұрғындары 42 500 тг көлемінде өтемақы алғанын айтты.

Карантин режимінің жеңілдеуіне қарамастан, жұмысын қайта бастаған кәсіпорындар мен ШОБ субъектілеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және өз қызметкерлерінің қауіпсіз жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасау ұсынылады. Сонымен қатар, карантин режимінің жеңілдеуіне қарамастан, демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз