«Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев праймериздің басталуына байланысты үндеу жариялады. Үндеу Елбасының ресми сайтында жариялаған.
«Құрметті отандастар! Пандемия салдарынан Қазақстан бүкіл әлем елдерімен бірге күтпеген қиындықтарға тап болып, жаһандық дағдарыстың ең қиын кезеңін бастан өткеруде. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы нәтижесінде дамыған мемлекеттер де дағдарыспен күресуде. Мұндай жағдайда кез келген үкіметтің алдында тұрған ең өзекті мәселе – экономиканың дамуы және ел азаматтарының денсаулығы. Бізге халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін бар күш-жігерімізді салу маңызды. Сондықтан Президентіміз, Үкіметіміз көп шараларды қолға алып жатқанын білесіздер.Осы орайда медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін.Олар пандемияның алғашқы күндерінен бастап коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр», -дей келе, Тұңғыш президент еріктілерге де алғыс білдіріп өткен.
Сонымен қатар, Назарбаев коронавирус дағдарысы мемлекеттік басқарудың кейбір салаларында олқы тұстар бар екенін де көрсеткенін айтып өтті.
«Жедел әрекет ету жағы жетіспей жатты, мәселенің шешілуі бюрократиялық кедергілерге кеп тірелді. Мемлекеттік органдар мен кейбір басшылар халықтың нақты проблемаларын жете сезінбейді деген сын айтылып жүргенін мен жақсы білемін. Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың да жұмысына қатысты. Оны көбіне орынды сын деп есептеймін. Депутаттар халықтың ортасында болып, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге тиіс. Депутаттардың міндеті – әрдайым ел мүддесін қорғау. Осыны ұмытпауымыз керек»,- деді партия төрағасы.
Тұңғыш президент үш жыл бұрын конституциялық реформа жүргізіліп, партиялық-саяси жүйені терең жаңарту үшін негіз қаланғанын атап өтті. Ал алдағы праймериз билік партиясын қайта құрылымдаудың нәтижесі болмақ.
«Бұл – партияішілік сайлау. Бұл – нағыз әлеуметтік лифт. Нағыз бәсеке, жаңа идея мен жобалар ізденісі. Осы идеяны саясаттанушылар мен қоғам белсенділері қолдады. Бұл белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар, «Нұр Отанды» қолдаушылар лигасына біріккен және реформаларға қатысуға дайын. Ең бастысы – ашықтық пен адалдық, барлық қатысушылға тең жағдай мен бәсеке қалыптастыру»,- деді Н.Назарбаев.