Қазақстан жыл сайын 36 елге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлады primeminister.kz.
«Өзінің бай әрі бірегей табиғатының арқасында біздің еліміздің балық шаруашылығының қоры айтарлықтай қуатты. Бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары. Балық өнеркәсібі қызметінің негізгі түрлері — балық аулау, балық өсіру және қайта өңдеу. Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна; балық өсіру – 7,4 мыңға жуық тонна; экспорт – 30 мың тонна; импорт – 43,5 мың тонна», – деді Мырзағалиев.
Министр, Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайтынын айтты. Ол: майшабақ, скумбрия, креветка, мидия және тағы басқалары. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жағалауы елдеріне тиесілі. Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 миллион АҚШ доллары сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.
«Негізінен біз балық филесін, кептірілген-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады. Ал кептірілген-ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай потенциалды нарықтар бар», — деді Мағзұм Мырзағалиев.