Жаңалықтар

Қазақстандық кәсіпорын радиатор шығара бастады

Алюминийден құйылатын радиаторларға деген сұраныс жоғары

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «СНН» компаниясы болат құю ісімен айналысады. Өндіріс орнының өнімдері аймақтағы электр станцияларында жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, Екібастұздағы ГРЭС-тер павлодарлық компания өнімдерінің тұрақты тұтынушылары. «СНН» ЖШС бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамытып, тауарлардың түрін кеңейтуге бейіл. 

Бұл ретте павлодарлық компания биыл алғашқылардың бірі болып алюминийден радиаторлар шығару ісін мықтап қолға алмақ. Кәсіпорын басшысы Евгений Москаликтің айтуынша, радиатор өндіретін жаңа цехқа арнайы құрал да орнатылды. Сол арқылы жылына  1 млн секция өнім әзірлеуге қауқарлы. Ал еліміздің жалпы сұранысы 3 млн секцияны құрайды. 

«Радиаторларға қажет шикізатты жергілікті Қазақстан электролиз зауытынан аламыз. Егер біздің өнімдер сұранысқа ие болса, 2024 жылға қарай қуаттылықты арттырып, елдегі қажеттілігі толығымен қамтуға әзірміз», – дейді кәсіпорын басшысы. 

Алайда «СНН» компаниясының радиаторлар өндірісі бойынша жұмысын толыққанды жүргізуге пандемия кері әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, шекара жабық болып, тауар алмасуға шектеу қойылғандықтан Италиядан жеткізілуі тиіс бірнеше жаңа өндірістік желі әлі келген жоқ. Соған қарамастан өндіріс орны жыл соңына дейін алғашқы радиаторларды дайындап, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.