Ресурстар

«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы болыңыз. Бағдарламаға өтінішті қалай беруге болады?

Өтініш қабылдау 17 тамыздан басталды

Карантин біте салысымен, 17 тамыз күні елімізде «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініштер қабылдау басталды. Әкімдікте кезекте тұрған және 1986-2010 жылдар аралығында үй кезегіне тұрған азаматтар өтініш бере алады. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, кез-келген азамат банк сайтына кіріп, өзінің ЖСН нөмірін енгізіп, өз мәртебесін анықтай алады. 

«Алайда 1986 жылдан бері кезекте тұрушылар жеңілдетілген шартпен де үй алғылары келмейді. Олар баспананы тегін алғысы келеді. Алайда қазір ондай мүмкіндік жоқ. Әзірге өтініштер қабылдауды пилоттық деңгейде деп қарастырып отырмыз. Сол арқылы кезекте тұрушылардың негізгі проблемаларын байқағымыз келеді. Биыл бұл бағдарламаға 390 млрд теңге бөлінді. Оның 180 миллиарды тұрғын үй құрылысы үшін жұмсалып жатыр, л 210 млрд жыл бойы біздің банкке келіп түседі. 90 млрд теңгені алғашқы транш ретінде алып үлгердік. Осы қаржыны игергеннен кейін кейінгі бөліктерін аламыз» дейді басқарма төрағасы. 

    Бағдарламаның негізгі шарттары мынадай: 
•    Несие пайызы – 5%. 
•    Алғашқы жарна – 10 пайыздан басталады. 
•    Несие мерзімі – 20 жылға дейін. 

Жоғарыда айтылғандай тұрғын үйді алу үшін не әкімдік кезегіне тіркелген болуыңыз керек, не ТҚЖБ сайтына кіріп, бағдарламаға қатысу үшін электронды өтініш қалдырасыз. Бірнеше күн ішінде банк қызметкері хабарласып, шарт, құжаттар пакеті жайлы ақпар беріп, кездесу күнін белгілейді. Әрі қарай тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім жасалып, төлем қабілетіңіз бағаланады. Бәрінен сәтті өтсеңіз, үй таңдауға кірісіп кетесіз. 

«Бұл бағдарламаның басты мақсаты – төлем мөлшері дәл осындай үйлердің бағасына тең немесе солардың жалға алу құнынан сәл ғана асатындай деңгейдегі мөлшерлемені бекіту. Сол кезде баспана алған отбасының көбірек ақша табуға және ипотекасын төлеуге деген құлшынысы оянады. Талдау жасағанымызда халықтың 80 пайызының 100 мың теңгеден төмен көлемде жалақы алатынын көріп отырмыз. Бірінші кезеңде тек кезекте тұрғандар ғана қатыса алады. Бөлініп отырған қаржы көлемі – 390 млрд теңге. Орташа мөлшерде 10 млн теңге арқылы 39 мың отбасыны қамти аламыз. Ал егер қарыз көлемі 13 млн теңге болса, онда 30 мың отбасыны қамтимыз. Әрине, кезекте дәл қазір 540 мыңнан астам мұқтаж адам тұрғанын ескерсек, бұл соншалықты үлкен көлемдегі қамту емес»,– дейді Ләззат Ибрагимова. 

Статистикалық дерекке сүйенсек, әкімдіктің ресми кезегіне тұрған 540 мыңнан астам азаматтың 212 мыңнан астамы – мемлекеттік қызметте істейтіндер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, 120 мыңнан астамы – толық емес отбасы мүшесі, 60 мыңнан астамы – жетімдер, 43,5 мыңы – I және II топтағы мүгедектер, 47,8 мыңы – көпбалалы отбасылар, 21,1 мыңы – мүгедек бала бағып отырған отбасылар, 18 мыңы – зейнеткерлер және 16 мыңы өзге категорияға жататын адамдар. 

Әкімдік салған несиелік тұрғын үйлері бойынша 1 шаршы метр бағасы келесідей болып бекітілген: 

•    Алматыда – 240 мың теңгеге дейін; 
•    Нұр-Сұлтан және оның маңындағы аймақтарда – 220 мың теңгеге дейін; 
•    Шымкент және Алматы маңындағы аймақтарда – 200 мың теңгеге дейін; 
•    Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Ақтау және Қарағанды облысында – 180 мың теңгеге дейін. 
•    Өзге өңірлерде – 160 мың теңгеге дейін. 

Ең шекті баға құны бойынша әлі талқылау жүріп жатыр. Алдын ала дерек бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы және оның маңындағы аймақтар үшін 18 млн; Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан және Қарағанды облыстары үшін 15 млн; Өзге өңірлер үшін 12 млн теңгеден аспайды деп болжанған.