Қор зейнетақы активтері бойынша міндеттемелерді орындамау нәтижесінде пайда болған проблемалық берешекті қайтару бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның ресми Telegram каналы хабарлады.
БЖЗҚ бұл жұмысты зейнетақы активтерін жеке жинақтаушы зейнетақы қорларынан БЖЗҚ-ға берген сәттен бастап жүргізіп келеді. 2014 жылы БЖЗҚ-ға зейнетақы активтерін беру аяқталған кезде қорда 32 проблемалық эмитент болды және олардың берешегі номиналды құны бойынша 161,45 миллиард теңгені құрады.
2020 жылғы тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ дефолтқа жол берген қалған 19 эмитентке қатысты берешекті қайтару бойынша жұмысты жүзеге асыруда. Аталған 19 проблемалық эмитентті шартты түрде келесі топтарға бөлуге болады:
1 Оңалту рәсімі қолданылған эмитенттер («Роса» АҚ, «Қазақстан Қағазы» АҚ және «Имсталькон» АҚ). Барлығы 3 эмитент. Аталған эмитенттердің номиналды құны бойынша берешек сомасы – 15,80 млрд теңге.
2 Оларға қатысты талап-арыз жұмысы / атқарушылық өндіріс жүзеге асырылатын эмитенттер («Альтернативті қаржы» АҚ, «РЭМИКС-Р» АҚ, «Казнефтехим» АҚ, «Астана-Недвижимость» АҚ, «Құрылыс материалдар мен құрастырмалар комбинаты-2» ЖШС, «Өрнек XXI» АҚ, «Mineral Resourses of Central Asia» АҚ, «ТЕМА Ко» АҚ, «HOMEBROKER» АҚ, «Төрт-Құдық» тау-кен байыту комбинаты» АҚ, «Корпорация «АПК-Инвест» ЖШС, «Тау-кен байыту комбинаты» АҚ, «ҚазЭкспортАстық» холдингі). Барлығы 12 эмитент. Аталған топ бойынша номиналды құны бойынша берешек сомасы – 13,03 млрд теңге.
3 Банкроттық/мәжбүрлеп тарату рәсімі жүзеге асырылатын эмитенттер («Валют-Транзит-Банк» АҚ, «GLOTUR» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ). Барлығы 4 Эмитент. Эмитенттердің осы тобының номиналды құны бойынша берешек сомасы – 17,5 млрд теңге.
2020 жылғы тамыздағы жағдай бойынша жоғарыда аталған 19 проблемалық эмитент бойынша берешектің жалпы сомасы (зейнетақы активтері есебінен) номиналды құны бойынша 46,33 млрд теңгені құрады, ал «ҚазЭкспортАстық холдингі» АҚ-ның 5,8 млрд теңге мөлшеріндегі купондық сыйақы төлеу бойынша берешегін ескере отырып, берешектің жалпы мөлшері 52,13 млрд теңге болды.