Нұр-Сұлтанда бос жатқан жерлерге үлкен аулалар мен саябақтар салынады

Жарияланды 23 Тамыз 2020 02:00

Гульвира Бигалиева

Гульвира Бигалиева

Редактор

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Өндіріс» тұрғын алабындағы жұмыстардың барысымен танысты. Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

   «Елді-мекендердегі шаруашылық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Абаттандыруды қажет ететін жерлерге тұрғындарға аса қажетті үлкен аулалар, саябақтар мен жайлы тынымбақтар салынуда. Бүгінгі кешкілік уақытта қала шетіндегі елді-мекеннің бірі Өндірісте (Лесозавод) жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалап келдім. Ақбидай көшесі, 11 мекен-жайында қазір футбол алаңы бар аула жасалды. Бұл балаларға да, аға буын үшін де ыңғайлы болады. Тайбурыл, 9 а көшесінің аумағында шағын саябақ ашылды. Мұнда 1950 жылы салынған жапсарлас үйлер болды. Аумақ бірнеше аймаққа бөлінді: спорттық тренажерлер аймағы, балаларға арналған ойын алаңы және футбол/баскетбол алаңы», – деді Алтай Көлгінов.

Көлгінов аула аумақтары мен қоғамдық орынды абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше назар аударатынын айтты. Егілген тал-теректердің саясы ыстық күндері тұрғындардың демалуына жайлы болмақ. Тағы бір жаңалық бұл жерге тұрғындардың өтініші бойынша жылы аялдама орнатылды.

   «Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес Өндіріс елді-мекенінде №23 оқу орнының аумағында мектептің жаңа корпусының құрылысы басталды. Еңселі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. №49 мектебінде күрделі жөндеу жүргіземіз. Кездесу барысында Өндіріс елді-мекенінің тұрғындары бірқатар мәселе көтерді. Оларды жоспарымызға бекіттік», – деп жазды Алтай Көлгінов.

Жалпы, биыл 150 аула мен 50 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады.
 

Сондай-ақ оқыңыз